Өртенген балалар үйі қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр

30.11.2016 17:29

Өртенген Алматы облыстық балалар үйін қалпына келтіру жұмысы 1 аптада аяқталады. Құрылысшылар күндіз-түні тынбай жұмыс істеуде. Қазіргі таңда жөндеу жұмысы біткен топтар да бар. Өрттен зардап шеккен 4 баланың, үшеуі қазір ауруханадан шығарылған. Олармен психологтар жұмыс істеуде.

 «Өрт кезінде 4 бала кішігірім жарақат алған болатын. Сол үш бала қазір балалар үйінде. Кеше түстен кейін ауруханадан шықты. Бүгінгі таңда денсаулықтарында ешқандай кінараттары жоқ»,- деді Алматы облысы №1 балалар үйі директорының орынбасары, Әйгерім МАҚСҰТОВА.

Еске сала кетейік, Алматы облысындағы нөмірі бірінші балалар үйінде өрт 21 қарашада болған. Қызыл жалын құрсауында  170-тен аса адам қалған. Төрт бүлдіршін мен бір ересек адам зардап шекті. Балалар үйінен шыққан өртті сөндіруге жеке құрамнан 80 адам мен 25 арнайы техника жұмылдырылған. Жалпы аумағы 180 шаршы метрді шарпыған тілсіз жау жарты сағатта толық өшірілді.