Алматыда қант қымбаттамайды. Ал қордағы қант көлемі бірнеше аптаға жетеді. Бұл туралы Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.
Базардағы бұл жағдайды реттеу үшін тұрақтандыру қорынан жаз айларында 1 мың 400 тонна қант алынған. Айта кетерлігі, қант бағасы 3 айдың ішінде 10 пайызға жуық өскен.
«Қазір нарықта негізссіз қант бағасын көтеріп жатқан жайттар кездесуде. Бірақ бұл уақытша жағдай. Қазір бізде бағаларды реттеу жүріп жатыр. Ресей рублінің құбылуы елімізге тасымалданатын қанттың құнына да әсер еткені рас», – деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Дамир ТАЗАБЕК.
Көп ұзамай қант бағасы біршама түседі. Оған елімізде қазан айында 5 зауыттың өнім шығаруы сеп болмақ. Қазір қант қызылшасын жинау науқаны жүргізілуде. Ал қараша айынан бастап келесі жылға қант қоры жиналмақ.
«Отандық зауыттан өндірілетін өнім нарықты толықтай қамтамасыз етеді. Өйткені, оның бағасы Ресей мен Беларусь елінен әкелінген тауар бағасынан әлдеқайда төмен. Былтыр 1 келі қанттың құны-170 теңге болған. Биыл да осы бағаны тұрақтандыру жоспарда бар», – деді Дамир Тазабек.