Алматының Орталық демалыс саябағы: тұрғындар өз шағымдарын жеткізді

07.04.2018 03:02

Сәні кеткен саябақ. Алматының орталық демалыс паркі серуендейтін жер емес, керісінше сауда алаңы іспетті, дейді демалушылар. Қаладағы көрікті орындарды жалға алушылар бизнес көзіне айналдырып жіберген. Тіпті, халықтың емес қалтаның қамы басты орында көрінеді. Тұрғындар таза ауамен тыныстаудың орнына кәуап пен көліктің көк түтінін жұтады. Мәдени орталықтың бүгінгі күйі қалай?

Орталық мәдениет және демалыс саябағы қашанда қол ұстасқан ғашықтар, жүздері жайнаған ана мен бала, немересін қыдыртқан ата мен әжеден бір сәт босаған емес. Бірақ соңғы кездері саябақтан сән кеткендей. Кірген беттен көздің жауын алатын гүл кілемнің орнына сауда сатқан дүңгіршектер көбейіп кеткен.

«Орталық саябақ жекенің қолына өткелі бізге бұл жердің баяғы тайғандай көрінеді. Аттракциондар кір. Қарабайыр демалыс түрлерін ұсынады. Саябақ қаланың дамуына ілесіп, заманауи демалыс қызметін ұсынса дейміз», - деді Марина ЛАТОЕВА.

Аумағы 48 гектардан асатын орталықта бұрын 2 мыңнан астам өсімдіктер мен жасыл желектер жайқалып тұратын. Ал қазір бақта гүлмен көмкерілген орындар азайып кеткен. Есесіне көк түтінді бұрқыратқан кәуапханалар, сапасыз болсада құны қымбат ас дайындайтын орындардан аяқ алып жүргісіз. Серуендеуге келген тұрғындар саябақтағы құн қалтаны қағуға құрылған қақпан секілді дейді.

Ақылы түрде жұмыс істейтін он бестен астам аттракционның бәрі ескірген. Демалыс орнына емес, құдды бір ойын хана немесе базарға келгендей әсер береді, дейді осындағы демалушылар. Ал ұзақ жылдық ағаштар кесіліп, орындарына автотұрақтар салынған. Жаяу адаммен жағаласа жүйткіп жүрген көлік көп. Орталық демалыс орнының жұмысы қазір Медеу аудандық әкімдігінің қармағында. Күзет, күтім, аумақты дамыту сынды жұмыстарды жергілікті әкімдік қадағалау керек болсада, ондағы бизнестің көбі жеке мекеменің меншігінде. Бизнесін бұдан әрі жүргізгісі келсе, олар ескі гүлзарларды ауыстырып, кіре берісті ретке келтіру сынды  уәде берген өзгеде жұмыстарын жылдам жасаулары тиіс.

«Тұрғындардың пікірін тыңдаймыз. Бірнеше жаңа аттракциондар салынып, алып дельфинария тұрғызамыз. Барлық аттракциондар Италиядан алынған. Аквапарктің аумағыда ұлғаяды», - деді «Алтын-Тараз» СҚК ЖШС директорының орынбасары Владимир КАЛИНИН.

Осындағы 49 сауда-ойын орнын меншіктеп, қомақты қаржы тауып отырған мекеме өкілдері  тұрғындардың баға құны қымбат деген пікірімен келіспейді.  Аталған мекеменің жұмысын қала билігі  қатаң қадағаламақ.


Әмірболат Құсайынұлы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы