Елімізде оқу құны шарықтап барады

01.08.2017 в 15:02

Елімізде оқу құны шарықтап барады. Мемлекеттік жоғарғы оқу орындарында білім алу ақысы орта есеппен 5-6 пайызға қымбаттаған. Кейбір білім ордалары мұны елдегі валютаның құнсыздануымен байланыстырады. Ал ата-аналар қарызданса да, шама-шарқы келгенше балаларын оқытып-шоқытуға барын салуда.

Барлық түлектер сияқты Әсел Мұхаметқалидің де бүгінгі арманы - мемлекеттік грантқа түсу. Талапкер «журналистика» мамандығын таңдапты. Оның бұған мүмкіндігі жоқ емес, есебі бойынша тегін оқуға жинаған балы жету керек. Десе де оқуға түспей қалсам қалай болады деген сұрақтар да мазалайды оны. Өйткені оқу құны биыл да шарықтап тұр.

«Егер грантқа түспей қалсам, ақылы бөлімге баруға тура келеді. Біріншіден, одан басқа жол жоқ. Екіншіден, басқа университеттер мен мамандықтарды қарайтындай уақыт тығыз»,- деді Талапкер, Әсел МҰХАМЕТҚАЛИ.

Әсел оқу құнының қымбаттығын сезінбегенмен, қызының білім ақысын төлейтін жалғызбасты анасы үшін мұндай баға отбасының қалтасын қағып түседі.

«Жыл басында 820 мың теңге болған, енді 885 мың болыпты. Біз үйдегі асыраушымыздан айырылғанбыз және отбасымызда екінші деңгейдегі мүгедек адам бар. Жеңілдіктер болса дейміз, бірақ әзірге бізге баланың жақсы оқығаны үшін ғана 10 пайыз жеңілдік беріп отыр. Ендігі бар үмітіміз грантта. 885 мыңды менің қалтам көтермейді, сонда әр айда 100 мыңнан төлеп отыруыма тура келеді ғой. Ал менің үш балам бар»,-деді Ата-ана, Гүлнәр ОСМАНОВА.

Мәселен, еліміздегі үздік білім ордаларының бірі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жоғары білім алу құны 885 мың теңгеден 1 млн 70 мың теңгеге дейінгі шамада. Былтыр бұл баға 820 мың болса, 2015 жылы 620 мың теңгеден басталған.


"Мемлекеттік университеттерге мемлекет тарапынан бұл бағаны реттеу жүзеге асырылады. Жыл сайын айтайық, мемлекет тарапынан ұлттық университеттерге 635 мың 800 теңгеден баға белгіленген. Содан жоғары уже университеттер өздері белгілейді, ол ұлттық университетке қатысты. Биылғы инфляцияға байланысты біздің ұлттық университетте 8 пайызға бағалар көтерілген. Енді 885 мыңнан бастап 1 млн 69 мыңға дейін бағалар бекітілген",- деді әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары, Бақытжан САПАРОВ.


Ал жоғары оқу орындары қауымдастығы соңғы бірнеше жылда білім бағасының көтерілгенін жасырмайды. Бұл бәсекелестік пен білім сапасын жақсартуға жасалған қадамдардың бірі болса керек. 

«5-6 пайызға өсті. Мына негізгі университеттерде сұранысы мол мамандық бойынша олар өз еркі бағаны қоюға. Бағасы қазір бәрі талап қойып жатыр ғой. Дұрыс жатақхана болсын дейді, қарасаңыздар барлық жерде интернет болуы керек. Жатақханада да интернет болуы керек, тегін беріп отырған ешкім жоқ қой. Сол сияқты оқулықтардың бәрі жаңаша, ағылшын тілінде, шетелден мұғалімдер келіп жатыр»,- деді Қазақстан Республикасының Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, Рахман АЛШАНОВ.

Еуропаның кейбір мемлекеттерінде жоғары оқу құны біздің елмен салыстырғанда біршама арзан екен. Тіпті Германия, Чехия және Финляндия сияқты елдерде өз азаматтары үшін оқу тегін. Сондықтан, кейбір түлектер амалсыз өзге елдерге ағылуы да ғажап емес.

Назкен Байтілес, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы