Елімізде көлік құжаттарын электронды түрде рәсімдеуге болады

Елімізде көлік құжаттарын электронды түрде рәсімдеуге болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда автокөлікті онлайн тіркеу қызметі іске қосылды. Бұдан былай темір тұлпарды сатушылар мен сатып алушылар үйлерінде отырып-ақ, онлайн тәртіпте көліктің құжаттарын рәсімдей алады. Ол үшін қос тараптың электронды цифрлық қолтаңбалары болса жеткілікті. Сондай-ақ жаңа қызмет анағұрлым уақыт үнемдейді,- дейді жоба авторлары.

Жаңадан қосылған қызметті бастапқыда мамандар осылай тәптіштеп түсіндіруде. Ал жуық арада оны әркім өз үйінде отырып-ақ, электрондық үкімет порталында қиналмастан рәсімдей алады. Сондай-ақ бұл қызмет түрінің арқасында көліктің салығын және әкімшілік айыппұлдарды екінші деңгейлі банк карталарымен өтеуге болады. Қызметті алғаш қолданып көргендер оны түсіну оңай екенін айтады.

«Біз осыған дейін көлікті сатып аларда, сатар кезде міндетті түрде Халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратын едік. Ол біршама уақытты алады. Қазір олай емес. Бүгін жаңа қызметті қолданып көрдім. Өте оңай. Бірден түсініп алдым»,-деді Рамис ИБРАГИМОВ.

Жаңа қызметтің арқасында Алматыдағы екі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек азаяды деп күтілуде. Өйткені онда күніне 3 мыңға жуық адам келсе, оның 2 жарым мыңы автокөліктерді тіркеу қызметін қолданады екен. Оған қоса, бұл жаңашылдық халықтың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ портал арқылы өтінім бергенде, ешқандай құжаттың скан-нұсқасын ұсынудың қажеті жоқ. Себебі қажетті мәліметтердің барлығы ақпараттық жүйелер арқылы алынады.

«Әр сатушы мен сатып алушының атында электронды цифрлық қолтаңба болса, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына ат терлетіп келмей, үйде отырып осы қызметті қолдануға болады. Электрондық порталға цифрлық қолтаңбамен кіру арқылы көлікті тіркеуден шешу деген қызмет түрін таңдайды. Қызмет алушының атында бір немесе бірнеше көлігі болуы мүмкін. Тіркеуден шешемін деген көлігін мемлекеттік нөмір арқылы таңдайды»,-деді Алматы қаласы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы №2 бөлімшесі басшысының орынбасары Ермұрат ӘБДІЛДАЕВ. 

Еске сала кетейік, биылғы мамыр айынан бастап жүргізуші куәлігін де электрондық үкімет порталы арқылы онлайн режимде ауыстыру қызметі іске қосылған болатын.

Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров