Алматыда жүзеге асып жатқан 8 стартап жобаның жұмысы талқыланды. Бүгін шаһар басшысы Бауыржан Байбек қаладағы стартап-компанияларының өкілдерімен кездесті. «Smart.Point» технологиялық кеңістігінің алаңында бейресми түрде стартап-ортаны дамытудың барынша маңызды мәселелері талқыланды.
Алматы цифрландыруды енгізу және ІТ өнімдерді шығару бойынша елімізде көш бастап тұрған шаһар. «Ақылды қала» концепциясы барысында қауіпсіздік, қоғамдық көлік, білім және денсаулық сақтау салаларында жүйелі цифрландыру жобалары іске асуда. Бұл креативті кәсіпкерлер мен стартаперлер үшін ірі нарық болып табылады. Қала әкімі Бауыржан Байбек жаңа технологияларды енгізу мегаполис дамуына өзіндік ықпал тигізетінін айтты.
«Мемлекеттің міндеті - бюрократтық кедергілерді барынша азайту, тиісті инфрақұрылымды қалыптастыру және бизнес бастамаларды ынталандыру. Ол үшін қалада түрлі қолдау шаралары жүзеге асуда. Арнайы экономикалық аймақтар және механизмдер арқылы кәсіпкерлер қаржылық ресурстарға қол жеткізуде. Дегенмен кедергілер де баршылық. Ал оларды дұрыс шешу үшін біз жұмыс жасап жатқан компания өкілдерімен ғана емес, істі енді ғана қолға алған стартаперлермен де тұрақты кездесеміз»,-деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Стартаперлермен кездесу кезінде әлемдегі оқу орындарындағы гранттар мен стипендиялар туралы ақпарат беретін «NeUpusti.net» сервисі, «Web-касса» кассалық аппараты, «Бухта» онлайн бухгалтериясы, құжаттар мен адамдардың жүзін анықтайтын «Verigram» жүйесі, «Torgai» қаржы есебінің онлайн-платформасы, айыппұлдарды төлеу және тексеру жөніндегі «Ok auto» сервисі таныстырылды. OK Auto мобильді қосымшасы темір тұлпарға әуесқой жандарға арналған. Мұнда көлік иесінің айыппұл көлемін көруге болады. Дерекқорда жарты миллионнан астам пайдаланушы тіркелген екен. Ерекшелігі - бұл бағдарламада автокөлік иесіне салынған айыппұл туралы дереу хабарлайтын арнайы чип қосылған.
«Егер көлік иесіне жаңа айыппұл салынса, бұл қосымша екі күннің ішінде жаңа айыппұлы бар екендігі туралы хабардар етеді. Тұтынушы ақпарат алған соң, айыппұлды жеті күн ішінде елу пайыздық жеңілдікпен төлей алады. Жүргізушілерге өте пайдалы бағдарлама. Сондай-ақ техникалық тексеру мерзімі бітуге таяғына туралы ескертеді. Енді біз сақтандыру компаниясымен жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, сақтандырудың аяқталу мерзімі туралы да хабардар ететін боламыз»,-деді жоба авторы Әлібек НАРЫМБАЙ.
Тың идеяларға толы кездесу барысында шаһар басшысы жаңа, әрі пайдалы жобаларды іске асыруға үнемі қолдау көрсететінін жеткізді. Сондай-ақ қолданыстағы стартаптардың жұмысына туған күрделі келеңсіздіктерді шешу үшін тиісті тапсырмалар беретінін айтты. Айта кетсек, «SmArt.Point» жобасы - бұл технологиялық кеңістік немесе IT-хаб болып табылады. Оның құрамына жоғары технология мен креативті бизнес саласындағы 40 компания енген. Орталық тәулігіне 24 сағат бойына, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Мұнда жобаларды талқылайтын бөлмелер, ойын алаңдары мен спорт залы бар.
Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, Алматы телеарнасы.