«Туған жер» бағдарламасы аясында Алматы облысында кәсіпкер еуропалық стандарт бойынша шағын футбол алаңын тұрғызды. Бұл жас бизнесменнің салған екінші спорттық нысаны. Жалпы Іле ауданында меценаттардың көмегімен 136 стадион, футбол алаңы және хауыз жаңартылмақ.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы футбол бойынша чемпионат Өтеген батыр ауылында бой көтерген жаңа алаңда өткізіліп отыр. Одан бөлек, оқушыларға каникул уақытында уақытын тиімді өткізу үшін мың доп тарту етілген. Бұл жергілікті кәсіпкер Дархан Әділбектің тұрғызған екінші спорт нысаны. Бизнесменнің өзі де футболмен әуестенеді.
«Екінші футбол алаңы еуропалық стандартта салынған. Елімізде мұндай нысандар әлі тұрғызылмады. Алдағы уақытта осы секілді спорттық нысандар көбейеді деп ойлаймын. Азаматтарға да ұнайды деген сенімдемін»,-деді Дархан ӘДІЛБЕК.
Бұл шағын алаңды салу үшін меценат 48 миллион теңге жұмсаған. Кәсіпкердің сөзінше, бұл тек шаруаның басы ғана. Алдағы уақытта мұндай алаңды аудандағы өзге орындарға тұрғызбақ. «Туған жер» бағдарламасы аясында Іле ауданында көптеген спорт нысандары ашылған. Чапай ауылында мұз сарайы, ал Қарой ауылында жағажай воллейболына арналған екі алаң салынған.
«Аудан бойынша бюджеттен осындай 136 шағын футбол алаңы салынған. Міне осыларды енді жазғы күні футбол ойнатқызып балаларға, ал қыстың күні болатын болса мұз айдынын жасап хоккеймен ұйымдастыруға қолға алып отырмыз. Осының бәрін қазір кәсіпкерлер қолдап жатыр»,-деді Алматы облысы іле аудандық футбол федерациясының президенті Ерболат ТҰРЫМБЕТОВ.
Іле ауданының 80 командасы шағын футбол бойынша облыстық чемпионатта көш бастап жүр. Өрендер республикалық жарыста да жоғары жетістікке қол жеткізуде.
Алаң өте жақсы. Оған біз жарыстан бірінші орын алу үшін келдік. Газоны жасанды. Ойнауға жақсы.
Біз Боралдай кентінен келіп отырмыз. Боралдайдан 3 команда келді.
Дархан Әділбек алдағы уақытта ауылда кешен тұрғызуды жоспарлап отыр. Жуырда теннис корты және воркаут алаңының құрылысына кіріспек. Мұндай орындарда тек балалар ғана емес, ересектер де шыныға алады.
Перизат Көмекбайқызы, Салтанат Шорай, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы.