Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловқа сот үкім шығарды. Өмірін өнерге арнаған әртісті сот кінәлі деп тауып, 7 жылға шартты түрде жазалады. Қазақфильм киностудиясының өзге де қызметкерлері жазасыз қалмады. Судьяның үкімімен келіспеген Жаманқұлов журналистерге әділдік үшін әлі де күресемін, бірақ өкпелі болсам да елден кетпеймін деді.
Аты елге танымал әртіске үкім алдын күні шығуы тиіс еді. Бір күн кешігіп барып өткен сот үкіміне келген адам қарасы көп. Әртістер мен Әл-Таразидың шәкірттері залды толтырып, демін ішіне тартқан. Ел ағасы атанғанда басы дауға қалған әртіске заң органдары «Феникс» фильмін түсіруге бөлінген қаражатты жымқырды деп айып таққан еді.
«Сот үкім етеді: Жаманқұлов Тұңғышбай Қадырұлын қылмыстық кодекстің 189 бабы, 4 тармағының 2 бөлімі бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды, 73 баптың 3 тармағын негізге ала отырып, Жаманқұловты шартты жазаға ауыстырды. Қылмыстық кодекстің 64 бабында көрсетілгендей, шартты жазаның басаға ауысуы мүмкін екенін Жаманқұловқа түсіндіру», - деді судья Такен ШАКИРОВ.
Ал, «Қазақфильм» АҚ бұрынғы топ-менеджері Гауһар Ысқақоваға 1 жылға шартты түрде жазаланып, қамаудан сот залында босатылды. 5 ай қамауда отырған режиссер Талғат Жәнібеков бостандыққа шығудан үмітін үзсе керек, сотқа екі дорба жүк-киімдерін ала келіпті. Бірақ судья режиссерды да 7 жылға шартты жазаға кесіп, мемлекетке 4,3 миллион теңге төлеуді міндеттеді.
«Жәнібеков қамауда отырғанда оны босату үшін кепілге ақшада, жерде ұсындық. Бірақ сот оны қабылдамады. Ысқақованыда қомақты кепілмен босатпақ болдық. Нәтиже шықпады ол кезде. Бірақ қазір үкім шығып, ақыры екеуіде бостандыққа шықты. Құжатта көрсетілген қаржының барлығы жұмсалмаған. Алған ақшаныда, мүлдем алмаған, олар жұмсамаған қаржы көлемінде дәлелдеп бердік. Біз қолдан келгенше көмектестік. Сот үкіме қарсы қайта шағымданбаймыз», - деді Т. Жәнібековтың қорғаушысы Серік АЙТБАЕВ.
Егде жасқа келгенде бұндай іске іліккені өзі үшін өте ауыр екенін айтқан халық әртісі өкпем қара қазандай болсада шетелге кетпеймін деді. Ол өзіне тағылған айыппен де, бүгінгі үкіммен де келіспейтінін жеткізді. Сот Жаманқұловты бес жылға дейін мемлекеттік мекемеде және кез келген жекеменшік орында жетекшілік жұмыс жасауына да шектеу қойды. Бұған дейін 6 миллион теңгені қайтарған әртіске тағы 3,4 миллион теңгені министрлікке беруді міндеттеді. Осы үш жарым жыл аралығында әрбір жүрген қадамын құзырлы мекемеге хабарлап отыруы тиіс.
Фильмге бөлінген мемлекет қаражатын талан-таражыға салды деп айыпталған адамдардың саны 9. Судья олардың барлығына 1 менен 7 жыл аралығында жаза кесті. Бірақ Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ол жазалар екі есеге қысқартылып және шартты жазаға ауыстырылды. Бірақ айыпталғандардың барлығы мәдениет және спорт министрлігіне 18 миллионннан астам теңгені қайтарып беруілері тиіс. Әу баста америкалықтар демеушілік жасап, елдің атын шығарады деген «Феникс» фильмі осылай бір жылғада жетпей даулы іспен аяқталды.
Әмірболат Құсайынұлы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы