27 маусымда ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин төрағалығымен Түркістанды дамыту жайындағы Үкіметтік комиссияның алғашқы отырысы өткізілді. Бұл туралы ҚР Премьер- Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
Үкіметтік комиссия төрағасы 2018 жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысының Түркістан облысын құру туралы Жарлығы -тарихи маңызды құжаты жарық көргендігін атап өтті.
«Қасиетті Түркістан қаласы бүкіл түрік әлемінің мәдени-рухани астанасы, құтты мекені. Мемлекет басшысының стратегиялық шешімінің арқасында бұл аймақтың өркендеуіне қарқынды серпін беріледі. Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде өркендеп дамуы үшін барлық әлеуеті бар. Алдымен қаланың Бас жоспарын дайындауымыз қажет. Түркістан қаласының қарқынды инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз ету керек»,-деп атап өтті А. Мамин.
Комиссияның алғашқы отырысында облыстық мемлекеттік органдарды Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру мәселесі, қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының қазіргі жағдайы, Түркістан қаласы бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеу және өткізу, облыс экономикасының одан әрі даму мәселесі қаралды.
Облыс әкімі Ж. Түймебаевтың хабарлауынша, Мемлекет басшысының облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру жөніндегі Жарлығын орындау мақсатында арнайы штаб құрылды. Әкімшілік басқару орындарының көшіп орналасу жоспары жасалды. Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың негізгі бағыттары белгіленді. Негізгі энергетикалық инфрақұрылымдық нысандар, сумен қамту жүйелері, көлік - логистикалық желісі, қызмет көрсету мен туристік орталықтарды одан әрі дамыту жайы қаралды.
Түркістан қаласының дамуы жөнінде қала әкімі Ә. Өсербаев баяндады. Қаланың Бас жоспары мен өңірдің экономикасын дамыту туралы Инвестиция және даму вице-министрі Қ. Өскенбаев, Ұлттық экономика вице-министрі А. Жұмағұлов баяндады.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен облыс әкімшілігіне Шымкенттен Түркістанға көшу мәселесіне қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Тиісті министрліктер мен мекемелерге Түркістан қаласының инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы салалық бас нобайын жасауды бастау туралы тапсырма берілді.
2018 жылғы 12 шілдеде Бас жоспардың тұжырымдамасын дайындауға конкурс жарияланады. Конкурс екі айдың ішінде өтетін болады. Халықаралық сарапшылар тобы құрылады. Конкурсқа қатысуға отандық және халықаралық сәулетшілер шақырылады.
Бас Жоспар екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең - 2035 жылға дейін, екінші кезең- 2050 жылға дейін. Биылғы қыркүйекке дейін Бас жоспардың тұжырымдамасы әзірленеді. Үздік тұжырымдама анықталған соң, оны жүзеге асыруға байқау жарияланады.
А.Мамин Түркістан облысына сапары барысында Түркістанның бірқатар инфрақұрылымдық нысандарын аралады.
Атап өтерлігі, Мемлекет басшысының Түркістан облысын құру жөніндегі тапсырмасына байланысты Бас жоспарды жасау жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А. Маминнің басқаруымен Түркістан қаласын түркі дүниесінің мәдени және рухани орталығы ретінде дамытудың Үкіметтік комиссиясы құрылған болатын.