Түркияда әскерилер төңкеріс жасаған күн – «Демократия және халық бірлігі күні» деп аталды

24.07.2018 01:02

Төңкерісшілердің дәуірі аяқталды. Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған  миллиондаған  адам жиналған митингіде осылай деді. Осыдан екі жыл бұрынғы әскери шенділердің сәтсіз аяқталған әрекеті кезінде құрбан болғандарға құран бағышталып, «Демократия және халық бірлігі күні» кең көлемде аталып өтілді.   

Осыдан екі жыл бұрын астыртын төңкеріс жасамақ болған әскерилердің әрекеті Түркияда «Демокартия және халық бірлігі күні»  болып белгіленді. Қараңғы түсе қаскөйлікке барған қарулылардың әрекетіне ел болып қарсы тұрды. Зеңбіректердің  атылғанына қарамастан, халық танктерді тоқтату үшін шынжырдың астына түсуге де бел буғаны мәлім.

«Сол екі күнге созылған қиын сәтте қаза тапқан шейіттердің бүлікшілерге қарсы жанкешті әрекеті мен батырлығы түрік еліне үлгі, өнеге. Өскелең ұрпақ бұл ерліктің құнын жақсы біледі. Сондықтан біз ерлеріміздің есімдерін қашан да ардақтап өтеміз. Олар туралы әлі кітаптар жазылып, фильмдер түсіріледі», – деді Түркия Республикасы президенті жанындағы Баспасөз және ақпарат басқармасының басшысы Махмуд  Шевхет БАЙРАМ.

Тұрақтылықты қалаған Түркия халқының бұл әрекеті бірлік пен ынтымақтың мерекесі ретінде әспеттелді. Бұл оқиғадан кейін 2 жыл уақыт өтсе де, тергеу толығымен әлі аяқталған жоқ. Өйткені төңкеріске қатысы бар азаматтарды ұстау шаралары әлі жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін ел тыныштығын бұзды деген күдікпен 19 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер жұмыстан босатылған. Төңкеріске қатысты 289 іс қозғалса, олардың 194-і қаралған. Қамалған 2381 адамның 1624-не Түркия сотының өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімі шықты.

«Кім де кім еліміздің тыныштығын бұзатын болса, онымен күресуге армиямыз да, полициямыз да дайын. Түркияда әскери төңкеріс дәуірі біржола аяқталды. Бұл халық – текті, батыл, қаһарман, біртұтас халық. Бұл халық – азаттық үшін жанын пида ететін халық. Бұл халық – Отан үшін отқа түсетіндермен бір саптан табылатын халық», – деді Түркия президенті Реджеп Тайып ЕРДОҒАН.

Сын сағаттарда «сынбаған» стамбулдықтар осы жолы да Босфор көпіріне ағылды. Ресми ақпарат бойынша, іштен шыққан жаудың кесірінен 251 адам жан тапсырып, үш мыңға жуық адам жарақаттанған. Стамбулдағы Таксим алаңына қайғылы оқиғадан қаза тапқан адамдардың есімі жазылған «қара тақта» қойылып, алып шар тәріздес ескерткіш орнатылды.

Танк, өзге де қарумен қаруланған әскерилердің осыдан екі жыл бұрын басып алған жерлерінің бірі – осы Босфор көпірі болатын. Қаралы күнді еске алуға жиналған жұрт күні бойы алаулатып, жалаулатып, міне, осы көпірде жүр. Анадолы елінің жүздеген мың халқы президентімен бірге қайтыс болған 251 адамның атын атап, түрін түстеп,  «Отанымыз – сол шейттерден қалған аманат» деп бірге ұрандатты. 

Қызыл жалауын жоғары көтеріп, көшеге шыққан халықтың қауіпсіздігіне де ерекше ден қойылған. Көз жетпес көп халықтың ішінде жас баладан еңкейген кәріге дейін жүр. Ауа жетпей, жығылып, табанға тапталған тұрғындар да аз емес. Отансүйгіш, ержүрек жауынгерлерін жылап тұрып еске алған анадолылықтар «Ататүріктен қалған алып ел бізге аманат» деп таң ата бір-ақ тарқасты.

Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы, Түркия, Стамбул