«Түрксіб» деректі фильміне жаңа музыка жазылды

29.06.2018 17:38

90 жылдық тарихы бар фильмнің жаңа тынысы ашылды. «Түрксіб» деректі фильміне бітімі бөлек саундтрек жазылып, сандық нұсқасы Ұлыбританияда жасалынды. Яғни, дыбыссыз фильмнің әрбір кадры үшін оркестрдің сүйемелдеуімен арнайы музыка жазылған. Соның арқасында көрермен ерекше әсерге бөленеді. Енді бірегей жобаның авторлары жұмыстарының нәтижесін «Қазақстан камераты» оркестрінің сүйемелдеуімен бүкіл Қазақстан мен шетел халқына паш етпек.

Қазақтың киіз үйлері, кең байтақ даладағы мазарлары және кейіпкерлердің ірі планда түсірілген әсерлі келбеті. Экранда көрсетілген осы бір бейнелерге қарасаңыз оқулықтар мен романдарда жазылған тұтас ел тарихы айна қатесіз көз алдыңызға келеді. Режиссер Виктор Турин түсірген бұл «Түрксіб» фильмі деректі фильмдердің классикасы саналады. Сондай-ақ туынды Жетісу аймағында түсірілген алғашқы ақ-қара картиналы фильм болуымен де ерекшеленеді. Сюжетте Азия мен Сібірді байланыстыратын Түркістан-Сібір ірі магистралінің құрылысы баяндалады.

«Виктор Турин - жиырмасыншы жылдары деректі фильмді нағыз кинематография тілінде сөйлеткен шебер режиссер. Түрксіб фильмі модерн стилінде түсірілген. Оның керемет техникасы бар және туынды өзектілігін әлі күнге жоғалтпады»,-деді жоба авторы Наргиз ШҮКЕНОВА.

Деректі фильмнің жауһарына Ұлыбританиядағы мамандар қызығушылық танытыпты. Сондықтан Британ кино институты фильмнің тамаша сандық нұсқасын жасап, қалпына келтірген екен. Ал Алматыда талантты композитор Қуат Шілдебаев батыл қадамға барып, Түрксіб үшін арнайы жаңа саундтрек жазуды қолға алыпты. Соның арқасында үнсіз фильм ерекше дыбыспен сүйемелденген.

Қуат Шілдебаев 80 минуттық фильмді жаңа нұсқада дыбыстау үшін бірнеше ай қатарынан тынымсыз еңбектенген. Өйткені композитордың алдында әрбір кадрға сай музыка жазып, туындының табиғатын ашу мақсаты тұрды. 

«Қуат Шілдебаев - қазақ музыкасы мен фольклорын өте жақсы білетін адам. Ұлттық нақыштағы дыбыстар оған жақсы таныс. Бізде домбыра да, сыбызғы да, сазсырнай да болды. Бұл аспаптар біріккенде өте қызықты, әсерлі дыбыс береді. Камерата Қазақстан камералық оркестрінің орындауында фильм өзгеше дыбысталды. Музыка әртүрлі. Кейде электронды болып естілсе, соңында авангардты болып өзгереді»,-деді жоба авторы Наргиз ШҮКЕНОВА.

«Фильмге жазылған музыка видеомен жақсы үйлесім тапты. Көрермен музыканың әсерімен керемет әсер ала алады. Жобаның мақсаты - оқиғаны музыка тілімен жеткізу. Және бұл мақсат орындалды деп айта аламыз. Себебі фильмді оркестрдің сүйемелдеуімен тамашалай отырып, өзіңді сол заманға тап болғандай сезінесің»,-деді «қазақстан камератасы» мемлекеттік оркестрінің жетекшісі Гаухар МҰРЗАБЕКОВА.

Қазақстан Камератасы мемлекеттік оркестрі осыдан бір ай бұрын Рухани Жаңғыру бағдарламасы аясында Ұлыбританияға барып қайтқан екен. Онда Түрксіб фильмін қалың көрерменге оркестрдің сүйемелдеуімен үлкен экранда көрсетіпті.

«Фильмді көріп отырып тіпті жылаған адамдар болды. Адамдар бізге келіп, жылы лебіздерін білдірді. Біздің еліміз туралы сұрап, үлкен қызығушылық тудыра бастады. Бұл дегеніміз, жобаның сәтті шыққанын және оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бүкіл әлемге таныту қажеттігін дәлелдейді»,-деді «қазақстан камератасы» мемлекеттік оркестрінің жетекшісі Гаухар МҰРЗАБЕКОВА.

Музыка мен киноның тілін біріктіре білген жобаның авторлары көрермендердің ұлттық деректі фильмге деген қызығушылығын оята білді. Бастысы шетелдіктердің Қазақстан тарихы мен мәдениетін терең зерттеуіне ықыластарын арттырды. Енді олар жақын күндері республиканың әр өңірі мен шетелге сапарға шығып, жаңа туындыны насихаттамақ. Мақсаттары - туындыны көрермен жүрегіне жеткізіп, ел тарихымен тереңінен сусындату.

Айдана Мейрамбайқызы, Алтыншаш Смағұлова, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы.


Теги: Түрксіб