Алматыда салықтық берешегі бар азаматтардың карталары бұғатталады. Одан бөлек борышкерлердің елден шығуына шектеу қойылады. Қалада салық төлеуден жалтарып жүргендер саны 153 мыңды құраса, соның ішінде 12 мың азаматтың банк карталарына уақытша шектеу қойылған. Бүгінде алматылықтардың мүлік және көлік салығы бойынша қарызы 5 миллиард теңгеге жеткен. Бір ғана Медеу ауданының өзінде тұрғындардың мемлекет алдындағы берешегі 800 миллион теңгені құрап отыр. Салықшылар қарызын өтемей жүргендерге маусым айының аяғына дейін төлеу қажеттігін ескертеді. Әйтпеген жағдайда, іс сотқа жіберіліп, барлығына қатаң шара қолданылатын болады.
«Бұл шара өзінің тиімділігін көрсетті. Яғни бұл жерде салыққа берешегі бар азаматтар өзінің карталары арқылы банктік операциялар жасай алмайды. Мысалы жалақысын ала алмайды. Немесе әр түрлі аударымдар жасай алмайды. Ол үшін ол азамат банк есепшоттары бұғатталғаннан кейін сот орындаушыға хабарласады. Салық берешегін төлейді. Одан бөлек, сот орындаушының атқарған қызметі үшін салық соммасынан 25 пайыз көлемінде қосымша төлем жасайды»,-деді Алматы қаласы Медеу ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш ТҮМЕНБАЕВ.