Заңсыз автотұрақты жою жобасын жүзеге асыру үшін жүздеген адам жұмыс істеп жатса, жекелеген пысықтар көрер көзге оғаш, заңсыз автотұрақ ашып, қала көркіне кері әсерін тигізіп жатыр. Розыбакиев көшесінің бойындағы ат шаптырым жер қаңылтырмен қоршалып, ақылы автотұраққа айналып кеткен. Ал аудан әкімдігі кезінде жалға беріліп кеткен орынды кері қайтармақ. Сауда кешені салынады деп берілген жер газ, кәріз құбырлары мен жоғары вольтті тоқ өтетін, яғни қызыл сызықтың үстіне дөп келген.
Талапқа сай келмейтін заңсыз автотұрақ базарға іргелес орналасқан. Бей ресми атауы «Оптовка» аталып кеткен қара базарға келетін халық көп, әрі жолаушылардың дені көлік қоятын жер таппай әуреге түседі. Осы мүмкіндікті сәтті пайдаланғандар бұрын ашық жатқан алаңқайды қоршап, көлік тұрағына айналдырып жіберген.
«Бір көріксіз автотұрақ жасап қойды. Түсініксіз, жүруге қолайсыз. Осы маңдағы үйде тұрам. Бұрын жүруге жақсы, кең алаңқай еді. Қазір міне үйге бару үшін қоршауды айналып өтуге мәжбүрміз. Қоршауыда көріксіз», - деді қала тұрғыны ВЯЧЕСЛАВ.
Жарты гектарға жуық жер тіс емханасының қожайынына тиесілі. Қала көркіне оғаш, жүргіншілерге жайсыз орынға айналған аумаққа кіріп шығу ақылы. Ал қожайын ақшаны өзім алмаймын, тек жердің қоқысын жинайтын жұмысшыларға көмек болсын деп рұқсат бердім, әрі автортұрақ уақытша ғана дейді.
«Жұрт осында мусырдың бәрін тастап кетеді. Тастап кетпес үшін маған акиматтан айтты, мынаны жолға жақын жауып қой, әлгі адамдар отыратын жер болмасын, жабайы сауда болмасын. Тұарқ жоқ. Мына жерді тазалап тұрған жігітке ақша болсын. 5-6 машина болсын кірсін дедім», - деді жердің қожайыны Мүсілім ДАЙЫРБЕКОВ.
Ал Алмалы ауданының басшылары жарты гектар жер алғаш рет 2003 жылы жалға берілген. Жалға алудың мерзімі әлі алты жылдан кейін аяқталады. Бірақ соған қарамастан қаланың қақ ортасындағы құны қымбат жер жекеге берілмейді дейді. Өйткені, қоршалған телім қызыл сызықтың үстінде орналасқан.
«Алматы қаласының жер қатынастары басқармасына хат әзірленуде. Бұл жер телімінің қайтадан шартын бұзып, қайтадан мемлекет тарапына қайтару жөнінде. Кезінде берілген жер болғанмен, біріншіден ол жердің астынан газ құбырлары, канализация құбырлары, электр желілері өтіп жатыр. Жалпы айтқанда қызыл сызықтың үстінде», - деді Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ермек БЕЙСЕУОВ.
Ұзақ жыл бос жатқан жарты гектар жерге талай адамның көзі түскен. Қожайынның автотұрақтың орнын ірі сауда кешеніне айналдыру туралы арманыда жүзеге аспайтын секілді. Өйткені, қызыл сызықтың үсіндегі жерге ешқандай архитерторлық жобалау құжаты берілмейді. Ал құжаты жоқ болсада пайда табумен айналысқан адамдармен алдағы уақытта полиция айналыспақ.
Әмірболат Құсайынұлы, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы