Полиция әйелін пышақтап, өзіне қол салған ер адамға қатысты мәлімет берді

22.06.2018 17:16

Sputnik. Қостанайда өз күйеуінің қолынан ажал құшқан университет оқытушысының өлімін полиция тергеп жатыр, деп хабарлады облыстың ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, ер адам оқытушының жұмысына келіп, кабинетте пышақтап өлтірген. Кейін өз-өзіне қол жұмсапты – денесі Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті ғимаратының қасынан табылған.

Қостанай облысы ішкі істер департаменті мәліметіне сүйенсек, ер адам әйелін тоғыз рет пышақтаған. Оқиға "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" және "Кісі өлтіру" баптары бойынша тергеліп жатыр.

Тәртіп сақшылары анықтағандай, күйеуі әйелінің жұмысына келіп, екеуі жанжалдасып қалады. Сол кезде ер адам әйелін пышақтап өлтірген.

Қаза тапқан әйелдің жасы 35-те, ал күйеуі 36-да болған. Соңдарынан екі баласы қалды, олардың тағдырымен қамқоршылық органдары айналыспақ.