Ауыр қылмыс жасап сотталғандар бостандыққа шығады деген хабар – қауесет.
Бас прокурор орынбасары Марат Ахметжанов «қылмыстық заңнаманы ізгілендіру аясында Қазақстан түрмелерінен 5 мың айыпкер босайды» деген осы ақпаратты жоққа шығарды. Дегенмен, бұл сотталғандарға еркіндік жоқ деген сөз емес.
«Адам қанын мойнына жүктегендер, қоғамға қауіпті қылмыскерлер бостандыққа жіберілмейді. Оларға кешірім жоқ». Бұл сөздерімен Бас прокурор орынбасары Марат Ахметжанов қылмыстық заңнаманы ізгілендіру аясында босатылатын бес мың сотталушының ішінде ауыр қылмыс жасағандар жоқ дегенді меңзеді.
«Ондай адамдарды ешкім босатпаған, босатпайды да. Себебі, сол 5 мың адамның ішінде қауіпті қылмыс жасағандар жоқ. Біз педофилдер, қарақшылар, экстремистер мен террористрдің жазасын жеңілдетіп отырған жоқпыз, керісінше, оларға қатысты заң қатты. Ондай адамдарды ақтауға болмайды. Зардап шеккендермен ымыраға келсе де, жазаны жеңілдетуге рұқсат жоқ», – деп қадап айтты ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ.
Экономикалық қылмыстық кодекстерге де өзгертулер енгізілген. Қазіргі кезде өзгенің мүлкін талан-таражыға салған, алаяқтық бабымен сотталған екі жарым мың адам қамауда отыр. Түрмеге қамалғандар ірі және аса ірі көлемдегі қаржыны екі есе көп көлемде қайтарса, жазалары жеңілдейді. Бірақ дәл осы айыптармен сотталған «АСТАНА ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев пен экс-экономика министрі Қуандық Бишімбаев мерзімінен бұрын еркіндікке шыға алмайды. Жалпы ізгілендіру шаралары аясында Қылмыстық кодекске 262 өзгеріс, Қылмыстық-процессуалдық кодекске – 45, Қылмыстық-атқару кодексіне 9 өзгеріс кірген.
«Адам өліміне қатысы жоқ 247 қылмыс бойынша алғаш рет қоғамдық жұмыстар баламалы жаза ретінде қолданылатын болады. Бұдан бөлек, айыппұлдың ең төменгі мөлшері 500 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін, яғни 1,2 млн теңгеден 481 мың теңгеге азайтылады. Оны үш айда емес, алты айда төлеуге болады. Осының арқасында мыңдаған адам сотқа жүгініп, айыппұлдың мөлшерін азайтып қана қоймай, оны төлеу мерзімін ұзарта алады», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат АХМЕТЖАНОВ.
Шілде айынан бастап жәбірленушілерге арналған өтемақы қоры құрылады. Арнайы заң аясында сот үкімімен сотталған әрбір қылмыскер жасаған ісінің ауырлығына қарай бестен үш жүз айлық есептік көрсеткіш көлемінде қорға мәжбүрлі төлем жасайды. Жиналған ақша құрбан болған жанға шұғыл қажет болған жағдайда жұмсалады.
«Өздеріңіз білетіндей, адамдарға шұғыл көмек қажет болады, олар қиын жағдайға тап болып, қылмыс құрбандарына айналады. Қылмыскер табылмай немесе әділ соттан қашып жүреді. Мұндай жағдайда біз қылмыскерді тауып, қылмыстың бетін ашқанша күте алмаймыз. Ол адамға бір реттік қолдау көрсету қажет болады. Жәбірленуші қаза тапса, оның туыстарына мұндай өтемақы 10 күн ішінде ешқандай қағазбастылықсыз беріледі», – деп түсіндірді М. АХМЕТЖАНОВ.
Жалпылай алғанда, судьялар 12 ауыр қылмыс бойынша бас бостандығын шектеу жазасын қолдана алады. Аталған қылмыстарға әскери, экономикалық, лауазымдық және мүлікке қатысты заң бұзушылықтар кіреді. Ал 2 жылға дейін және алғаш рет сотталғандар қауіпсіздік деңгейі төмен мекемелерге ауыстырылады. Жалпы ізгілендіру шарасы аясында түрмедегі 5 мың адам еркіндікке шығуы тиіс болғанмен, олардың бәрі бір сәтте жіберілмейді.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы