Роман Ситакті өлтіргендердің жазасы жеңілдемейтін болды. Алматыда қос қылмыскер Роман Ситакті өлтіріп, артынша денесін бөлшектеп қоқысқа тастаған еді. Сотталушыларға қатысты апелляциялық сот отырысы өтті. Олар шындықты мойындап, істеріне қатты өкінетіндерін жеткізді. Атышулы іс бойынша сотталғанның бірі 24 жастағы Таир Әбілдиновтың қорғаушысы оның Ситакты өлтірмегенін, тек мәйітін бөлшектегенін айтып отыр. Осылайша, соттан 16 жарым жылға бас бостандығынан айырылған Әбілдиновтың жазасын жеңілдетіп, 9 жыл беруін сұрады.
«Бұл адамдарға қалай апелляцияға беруге болады, білмеймін. Себебі, мұндай қылмыс жасағандарға ең қатал жаза беру керек. Мен Романның анасының жағдайын да ескеруді сұраймын. Ол әлі күнге ауыр қайғыдан ес жия алмай жүр. Жұбайының да жағдайын ойлаңыздар. Ол күйеуі өлген соң ұл туды. Қазір балаға үш ай болды. Өкінішке орай, ол әкесін ешқашан көрмейді», - деді Р. Ситактың ағасы Василий ДОЛОТОВ.
Қылмыскерлердің қорғаушылары сұраған өтініш қанағаттандырылған жоқ. Сөйтіп, әуелгі жаза өзгеріссіз қалды. Естеріңізде болса, 25 жастағы Роман Ситак өткен жылдың қыркүйек айында айуандықпен өлтірілген еді. Жас жігітті өзінің екі танысы жалдамалы пәтерде бауыздаған. Ал, қылмыстарын жасыру үшін мәйітті бөлшектеп қапқа салып, қоқысқа тастаған. Тергеу барысында қос қылмыскердің Роман Ситакты арадағы 80 мың теңге қарыз үшін мерт қылғаны белгілі болған еді. Бұған дейін сот ауыр қылмыс жасаған екі адамды кінәлі деп тауып, біреуін 16 жарым жылға, ендігісін 15 жарым жылға соттаған еді. Олар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді әрі марқұмның отбасына миллион теңгеден моральдық өтемақы төлеуі тиіс.