Алматыда әлем чемпионатының қатысушылары шеберлік сабағын өткізді

Алматыда әлем чемпионатының қатысушылары шеберлік сабағын өткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда өтіп жатқан футзалдан студенттер арасындағы әлем чемпионатының қатысушылары бүгін шеберлік сабағын өткізді. Қазақстан, Канада, Аргентина, Украина және Германия елінің спортшылары қаланың бірнеше жерінде өз шеберліктерімен бөлісті.

Ойыншылар дриблинг жасау, дұрыс пас беру, жалпы футзалдың ерекшеліктерін бүлдіршіндерге көрсетті.

№1 балалар үйінің бүлдіршіндері Канада мен Украина аяқдопшыларын қуана қарсы алды. Спортшылар алаңға кіре салып, бірден жаттығуды бастап кетті. Футзал шеберлері балаларға пас беру, дриблинг жасау, қақпаға дәл соққы жасау секілді әдістерді үйретті.    

«Алматыдағы футбол алаңдары өте сапалы екен. Кең әрі жаңа. Қонақжайлылықтарыңызға тәнті болдым. Бүлдіршіндердің футболға деген қызығушылығы жоғары. Біздің команданың спортшылары бар білгенін үйретіп қалуға тырысып жатыр. Бір күндік демалыста шеберлік сабақтарын өткізген ұйымдастырушыларға рахмет», – деді футзалдан әйелдер командасының жаттықтырушысы (Канада) Александр ДРОША.

«Спорт менің ауламда» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара жеткіншектердің футзалға қызығушылықтарын арттырады дейді студенттер лигасының президенті Дамир Шыныбеков.  

«Мұндай шеберлік сабақтары балалардың мотивация алуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, осы спорт түріне деген қызығушылықтарын арттырады. Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын жарысты тамашалауға шақырамын», – деді Ұлттық студенттер лигасының президенті Дамир ШЫНЫБЕКОВ.

Аргентина құрамасының футболшылары «Жұлдыз» шағын ауданындағы алаңда шеберліктерімен бөлісті. Мұндағы жеткіншектер Мессидің жерлестерін тағатсыздана күткенін айтады. Балалар аяқдопшылардан қолтаңба алып, бірге суретке түсті. Араларында сыйлыққа доп алғандар да болды.

Шеберлік сабағын көруге келген қонақтарды сөзге тартқанымызда, олардың бірі: «Осы «Спорт менің ауламда» бағдарламасының аясында балаларды жинап, сол командалардан шеберлік сағаттатын күтудеміз», – десе, енді бірі: «Жаттығулар жасап, өзімізді жаттықтырып, болашақта спортшы болуға дайындық жүргізіп жатырмыз», – деп жауап берді.

Еске сала кетсек, Алматыда студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты өтуде. Байрақты бәсекеге 16 ерлер мен 9 әйелдер жандылар командасы қатысуда. Қазақстан құрамасы плей-офф кезеңіне топтан 1-ші орынмен шықты. Дүбірлі дода «Алматы Арена» және «Халық Арена» спорт кешендерінде өтуде.

Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров