Универсиада нысандары болашаққа құйылған ең қомақты инвестиция. Қысқы спорттық ойындарына арналып салынған ғимараттармен танысқан шетелдік кәсіпкерлер пікірі осындай. Халықаралық инвестициялық форум қатысушылары Универсиада нысандарын аралады.
Халықаралық инвестициялық форумға қатысушылар арасында спортқа қызығушылық танытатындар да көп. Мұндай кәсіпкерлер үшін Универсиада нысандарына арнайы тур ұйымдастырылды.
Шетелден келген қонақтар әсіресе көпсалалы мұз аренасына таңданды. 12 мың орындық спорт кешенінде мәнерлеп сырғанау және шорт-трек сынды жарыстар өтеді. Универсиада ойындары аяқталған соң спорт кешені халық игілігіне беріледі, яғни балалар спортын дамытуға бағытталады.
«Мен Алматыға осымен төртінші рет келіп отырмын. Бұған дейін көктемде келіп едім. Қазір қысқы Алматыны тамашаладым. Универсиада нысандары болашаққа құйылған үлкен инвестиция. Болашақта бұл спорт кешендерінен бір емес, бірнеше жаңа чемпион шығатынына сенімім мол», - деді Еуропа сауда институтының бас директоры Бернд ХАЛЛИЕР.
«Бұл жер халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін бірден-бір орын. Спорт кешені өте үлкен екен», - деді Link Invest Capital компаниясының құрылтайшысы Бенни НГ.
Әлемге аты әйгілі қалталы қаржыгерлерге атлетикалық қалашық та таныстырылды. Студенттер сайысы кезінде додаға қатысушылар осы жерге қоныстанады. Оларға операциялық орталық, 1000 адамға қызмет көрсетуге есептелген асхана және дәстүрлік музыкалық аспаптар мұражайы да көрсетілді.
«Универсиада нысандарын таныстырудағы негізгі мақсат іскерлік туризмді дамыту. Қысқы ойындар өткізілген соң, спорт кешендерін пайдалануға болатынын көрсету. Алдағы уақытта бұл орын халықаралық түрлі келісімдер жүргізуге мүмкіндік беретін алаңға айналатын болады», - деді Алматы қаласы инвесторларға қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Алтынай МҰҚАНОВА.
Еске сала кетейік, 28-ші қысқы бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Сайысқа 64 елден 2 мыңға жуық спортшы қатысады. Универсиадада қатысушылар 8 ғимаратта 12 спорт түрінен бақ сынайды. Барлығы 543 медаль сарапқа салынатын болады. Шараға 30 мыңға жуық штелдік турист келеді деп күтіліп отыр.
Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы