Алматыда Тіксай өзенінің арнасы мұздан тазартылуда

06.03.2018 21:30

Көктем шығысымен Алматының коммуналдық қызметтері мен төтенше жағдай саласының мамандары үшін нағыз қарбалас шақ басталды. Қыс бойы қармен алысқандар, енді су тасқынына қарсы сақтық шараларын күшейтеді. Бүгін Алматының 8 ауданында «Көктем-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу бастау алды. Төтеншеліктер сел қаупіне қаншалықты дайын?

Төтеншеліктер оқу-жаттығуды Тіксай өзенінде жүргізуді жөн көрген. Себебі, аталған өзен үйлерге жақын орналасқан. Арнасынан асқан жағдайда тұрғындардың қоршауларына зақым келтіруі бек мүмкін. Дәл қазір менің ту сыртымда бірнеше экскаватор өзенді сірескен мұздан тазартуда.

Тіксай өзені қауіпті аймақтардың бірі. Өзенді тазартуға техникадан бөлек, Ұлттық гвардия сарбаздары жұмылдырылған. Олар өзеннің шетіне жиналған қарларды құлатып, арнадағы қарды аршыды.

«Қазіргі таңда сіздер байқағандай, көпірдің астында 3 арнадан өтудің орнына, 2 арна өте бітеліп тұр еді. Сол жерде Ұлттық гвардияның сарбаздары ат салысып, 50 жеке құрам сарбаздары жаңағы жұмыстарды атқарып жатыр». – деді Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА.

Су тасқынын алдын алу үшін ұйымдастырылған пысықтау шарасына  31 арнайы техника мен 417 маман қатысты. Тазалық жұмыстары Алматының 8 ауданында жүріп жатыр. Коммуналшылар мен төтеншеліктер арықтарды қоқыстан тазартып, өзендерді қар мен мұздан арылтуда. Былтыр қауіпті аймақтарды қалпына келтіруге қалалық бюджеттен де біраз қаржы бөлінген екен. 

«30 км арық салынды 5 ауданда. Алматы қаласының әкімінін резервінен 1,4 млрд ақша бөлініп, Алатау, Наурызбай аудандарында 12,3 км арық салынды», - деді Алматы қаласы ТЖД басшысының орынбасары Ерлан ӘЛІБЕКОВ.

Төтеншеліктердің айтуынша, Алматыда қауіпті аймақтардың саны 37. 2016 жылы олар 67 болған. Ал биыл тағы да 55 көшеге ұзындығы 42 шақырым болатын арық салу жоспарланған. 


Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы