Тарихи реформа: 2020 жылы латын қарпімен жаңа әліппе жарық көруі мүмкін

Тарихи реформа: 2020 жылы латын қарпімен жаңа әліппе жарық көруі мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Апострофтан акутқа. Елбасы ел тілегін ескеріп, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа өзгеріс енгізді. Бұл үшінші өзгеріс екенін айта кету керек. Қоғам талқысынан кейін, әріптің бір жақ шетіне қойылатын дәйекше акутқа алмастырылды. Яғни, әріп үстіне ноқат қойылады.                 

Қабылданған жаңа әліпби бұрынғыша 32 таңбадан тұрады. Төл әріптерді диграфпен таңбаланған әліпбидің әуелгі нұсқасы қоғамда әр қилы талданғаны мәлім. Екінші ұсынылған апострофты нұсқаның да, кем-кетігі тез табылды.  Соңғы түзелген жаңа нұсқада бұрынғы апострофпен белгіленген 9 әріптің алтауы акутпен таңбаланды, яғни төбесіне ноқат қойылғаны. Екі әріп SH(Ш)  және CH(Ч) диграфпен көрсетілген. Қазақша І,і әрпі латын графикасындағы нақ сол таңбамен белгіленеді.

«Президенттің негізгі принципі сақталып отыр. Мына сыңар дыбыстар Ұ,Ү сияқты дыбыстар қосымша таңбаның қосылған түрімен беру, бұрын апострофпен бердік, енді қазір сол апострофты сол әріптің құрамына енгізіп отырмыз. Екі таңба ретінде емес, бір таңба ретінде қабылдау керек. «Акут» деген сол әріптің жоғарғы жағына шығарылған сызықша. Ол әлде қайда жеңіл, әрі ыңғайлы», - деді ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден ҚАЖЫБЕК.

Жаңа әліпбиді даярлаушылар апострофтардың техникалық және экономикалық тиімсіздігін қазір мойындап отыр. Лингвистердің айтуынша, қолдану барысында түрлі қолайсыздық тудыруы мүмкін еді. Мәселен, банк операцияларын орындауда. Оның үстіне дәйекшені әріптің жанына қосып таңбалау сөздерді өзгеріске ұшыратып, бөлектенуіне әсер етеді.

«Апострофқа байланысты көптеген проблемалар, техникалық мәселелер алдында болды. Ол халықаралық банк жүйесінде ертең қабылданбай қалуы немесе ертең копьютерде зерттеу, тану мәселесінде аралары бөлініп, бір сөз екі сөз болып кетуі мүмкін. Сол нұсқада енді ғалымдар зерттеп отырған кезде акутке жоғары шығарылған кезде сөздер бірігеді, ол оқуға да, жазуға да ыңғайлы», - деді ҚР АКМ тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыстар комитетінің төрағасы Қуат БОРАШОВ.

Қоғам арасында талқыға түсіп үлгермесе де, жаңа әліпбиде кей дыбыстардың жоқтығын айтып кейбіреулер пікірлерін айтып жатыр. Ескі әліпбидегі Ю, Я, Ё, Э секілді әріптерге қатысты. Бірақ атқарылған шаралардың негізгі мақсаты да өзге тілден енген дыбыстардан арылу, дейді мамандар. Жауаптылар қажет болса, бұл әліпбиге де өзгеріс енгізуге қарсы емес секілді. Ақпарат және байланыс министрінің айтуынша бұл мәселе өз уақытында шешіледі. Дегенмен, өзгертілген әліпби нұсқасы қабылданбас бұрын, түрлі сала мамандарының талқысына түскен.

«Мінсіз әліпбидің жоқ екенін біз барлығымыз білеміз. Өмір өзінің шарттары мен ережелерін талап етері сөзсіз. Сондықтан бұл мәселе өзінің жалғасын міндетті түрде табады. Оның үстіне жұмыс тобының мүшелері жан-жақты қарастырды», - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.

ІТ мамандар мен лингвистердің жұмысы енді қыза түспек. Келер жылы жазу және емле ережелері бекітіліп, арнайы сөздік шығару жоспарланып отыр. Осы шараларды атқарған соң, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізіледі. Білім және ғылым министрлігі болса, мектептерде латын графикасын енгізу жұмысы екі жылдан кейін басталатынын мәлімдеді. 2020 жылы латын қарпімен жаңа әліппе жарық көруі мүмкін.

Азамат Әуезхан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы    


Новости партнеров