Жылу жүйелеріндегі жөндеу жұмыстарына байланысты, Алматыдағы Төле би көшесінің екі бөлігі жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Төле би көшесі бойында 25 тамыз таңғы 9-дан 27 тамыз таңғы 6-ға дейін Аносов көшесінен Тұрғыт Өзал көшесіне дейінге аралықта; 25 тамыз сағат 00-ден 27 тамыз сағат таңғы 6-ға дейін Отар көшесінен Саин көшесіне (солтүстік бөлігімен) дейін аралықта көлік қозғалысы шектеледі», – деп мәлім етті «Алматы жылу жүйелері» ЖШС баспасөз қызметі.
Уақытша шектеулер мұндағы көлік жүретін жолдың астындағы магистралдық жылу жүйелерін жоспарлы түрде жөндеуге байланысты енгізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, Н.Назарбаев даңғылы бойынша орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты, 24 тамыз күнгі таңғы сағат 8-ге дейін Гоголь көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы тоқтатылады.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматыдағы инженерлік жүйелердің жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына қарай аяқталады деп жоспарланған.