Ұлттық бюро: Энергетика вице-министрі парамен ұсталды

03.03.2018 16:27

Астанада ірі жемқорлық дерек әшкереленді. Бұл жолы миллиард теңге парамен Энергетика вице-министрі мен бірнеше лауазымды тұлға ұсталды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин мәлімдеді. Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков «Аймақ» мердігер ұйымының басшысымен келісім жасасып, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазарту үшін мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқырған. Қылмыстық іске Энергетика министрлігінің департамент басшысы  Нұрбеков, мердігер өкілі Жұмалинов пен Қадірберлин де қатысқан, - делінген хабарламада.

«Сәдібеков қол қойған жалған құжат бойынша Энергетика министрлігі 2017 жылы атқарылған жұмыстар үшін 3,6 миллиард теңге төлепті. Аталған қаржының 1 миллиард теңгеден астамын шенеунік қалтасына басып, ол тексеру барысында тәркіленді. Бұдан бөлек, 2018 жылы көлді тазартамыз деген желеумен 1,5 миллиард теңге ұрламақ болған. Алайда айланың жолы кесілді», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан ЖАХИН.

Қазір пара алу фактісімен азаматтарға сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Еске салайық,  Ғани Сәдібеков түрлі жылдары Жамбыл облысы әкімі аппаратында басшы қызметін, 2010-2013 жылдар аралығында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, 2013-2016 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Ал Энергетика вице-министрі қызметіне 2016 жылдың 3 мамырында тағайындалған.