Үндістанда жол апатынан 30 оқушы қапыда қаза тапты

11.04.2018 16:11

Үндістанда жантүршігерлік жол апаты болып, 30 оқушы қапыда қаза тапты. Ал қалған жетеуі қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр екен. Куәгерлер қоғамдық көліктің терең шатқалға құлағанын айтады.

Жантүршігерлік жол апаты Үндістанның Кангра ауданында жергілікті уақыт бойынша кеше күндізгі сағат үште орын алған. Оқушылар мінген жекеменшік мектептің автобусы тас жолда 6 шақырымдай жүріп өтіп, кенеттен тереңдігі 60 метрлік сайға құлаған. Салдарынан қоғамдық көлікте отырған 30 бала тіл тартпай кетіпті. Қаза тапқандардың қатарында автобус жүргізушісі мен мұғалім де бар. Ал тірі қалған 7 оқушы қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

«Біз осы оқиғаны сот алды тергеуге тапсырыс бердік. Кангра аудандық бөлімшесінің меңгерушісі тергеудің қалай жүргізілетінін бақылайды.

Полицейлер мен құтқарушылар апат орнында қас қарайғанша жұмыс істеді. Тірі қалғандарды автобустан шығару үшін құтқарушыларға көлікті арнайы құралмен кесуге тура келді. Апаттың себебі әзірге белгісіз. Кангра ауданы Үндістанның солтүстігіндегі Химачал-Прадеш штатында орналасқан. Жалпы Үндістанның таулы жерлерінде автобустардың апатқа ұшырауы жиіліп кеткен. Өткен жылы Уттар-Прадеш штатында да осындай жол апатынан 15 бала қаза болып, 45 адам жарақат алған еді», - дейді Химачал-Прадеш штатының министрі  Джай Рам ТХАКУР.

Чили тұрғындарын елдегі ең қауіпті Чильян жанартауы алаңдатып отыр. Соңғы күндері вулкан шамамен 800 рет түтін мен газ шығарып, жергілікті халыққа үрей туғызған. Тіпті аз уақытта 4 мыңға жуық жер асты дүмпулері тіркеліпті. Чильянның 17 кратері бар, олардың бірінде ыстық лава ерекше атқылап жатқан көрінеді. Бұл жанартау қауіп төндірген соң, елде 2015 жылы қауіптің сары деңгейі жарияланған болатын. Қазір ол қызғылт түске ауыстырылды.

«Біз кез келген төтенше жағдайға жауап беру үшін логистика мен нақты қауіпсіздік шараларын күшейттік»,-деді билік өкілі Джон КРЕЙСЕЛ.

Ал Жапония халқын бірінен соң бірі болған жер асты дүмпулері дүрліктірді. Күншығыс елінің батысында қатарынан бірнеше жер сілкінісі болған. Ең күштісі Симане аймағында тіркеліпті. Онда жер асты дүмпулерінің күші 5,8 балды құраған. Ал Ода қаласында бірнеше ғимарат пен тас жол талқан болған. Жүздеген отбасы сусыз қалды.

«Бізге 5 зардап шеккен адам туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ су жүйесінің зақымдануына байланысты қазір 108 үйде су жоқ»,-деді Министрлер кабинетінің бас хатшысы  Ёсихидэ СУГА.

Сейсмологтар жақын арада тағы да жер сілкінісі болуы мүмкін деп ескертіп отыр. Оның дүмпуі қатты болады деген қауіп те жоқ емес. Ал әзірге цунами болуы ықтимал деген хабар тараған жоқ.