әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің аумағында бірегей демалыс саябағы жасалмақ. Қазір аталған маңда орналасқан «Кереңқұлақ» өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары аяқталып қалған. Ерекшелігі сол - мұнда су тазарту жүйесі жұмыс істейтін болады. Яғни, өзен суы жасанды «аквапоника» жүйесі арқылы қолданылады. Бұл аумақ студенттер үшін практикалық базаға айналады әрі мұнда бағалы балықтар мен сәндік өсімдіктер өсіру жоспарланыпты. Оқу ордасының инновациялық жобаларымен танысқан қала әкімі Бауыржан Байбек университеттің технопаркі мен «жасыл технология» орталығында болып қайтты. Шаһар басшысына көкөністер мен жидектерді зиянкессіз өсіруге арналған энергиялық тиімді жылыжай да таныстырылды.
Бүгінде ұлттық университет аумағында жел, күн, геотермал, биогаз, сутегі және гидро энергияларды алу үшін экспериментальды алаңдар жасалған. Соның арқасында студенттер энергияның баламалы түрін алу жолдарымен практика жүзінде танысады. Университетті аралап шыққан Бауыржан Байбек әкімдіктің тиісті басқарламарына оқу ордасының қызық жобаларын зерттеуді әрі оларды тиімді қолдануды тапсырды.