Алматылықтар тұңғыш президент күнін айрықша атап өтуде

30.11.2017 21:53

Алматылықтар тұңғыш президент күнін биыл айрықша атап өтуде. Мейрам қарсаңында қаланың әр ауданында мәдени іс-шаралар мен танымдық бағдарламалар ұйымдастырылды. Медеу ауданында қоғамның тыныс-тіршілігіне сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Бұдан бөлек елбасының өмірбаяны мен еңбек жолына арналған 100-ге жуық тарихи құжат пен кітаптар көрмесі ел назарына ұсынылған. Көрме сөресіне президент күнін заңды түрде мереке ретінде атап өту туралы құжат алғаш рет қойылыпты.

«Бірінші рет біз осы жерге ҚР Президентінің Заңын қойып отырмыз. 14 желтоқсан 2011 жылы сол заң бекітіліп, 2011 жылдан бастап 1-желтоқсан «Тұңғыш Президент» күні деп атап өтіп жатырмыз»,-деді ҚР президентінің архиві құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру басқармасының басшысы, Бөлеген ҚАСЕНОВ.

Сондай-ақ, бұл мерекелік датаны Әуезов ауданының тұрғындары да атап өтті. Салтанатты жиында елбасының дара жолы бейнеленген деректі фильм көрсетілді. Шара ауданның дамуына серпін қосып жүрген азаматтарды марапаттаумен жалғасын тапты.  Ал Алмалы ауданы елімізге белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік кеш ұйымдастырып, келушілерді әсем әнге қарық қылды.