Алматыда өткен 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиада өз тарихындағы ең танымал ойын болып танылды. Универсиада-2017 дирекциясының мәліметінше, 117 спорттық сайысқа 236 мың 744 билет сатылған. Ал дүбірлі додаға қатысқан спортшылар мен қонақтардың бағалауы бойынша, ойындар ең жоғары дәрежеде ұйымдастырылғандықтан көрермендер назарын өздеріне аудартқанын айтуда.
Студенттік қысқы ойындар тарихында Алматыда өткен Универсиада ең танымалы болды. Оған дәлел сатылған билеттер саны. Дүбірлі дода барысында ұйымдастырылған 117 спорттық сайыс түріне 237 мыңға жуық билет өткен. Ал FISU -дың бас хатшысы Эрик Сайнтронд жабылу салтанатының ашылу салтанатынан кем түспегенін айтады.
«8 ақпан күні жабылу салтанатында фантастикалық шоу ұйымдастырылды. Оған премьер министр мен қала әкімінің өзі қатысты. Салтанатты шарадан кейін FISU командасымен кездестік. Олар Универисиада ойынының сапасынының жоғары екендігін айтты. Біз мұнда мейірімді, қонақжай адамдармен, спорт нысандарының сапасымен таныстық. Менің ойымша бұл шарадан әр адам Алматы қаласы туралы жақсы ойда қалады», - деді FISU бас хатшысы Эрик САЙНТРОНД.
Ал елдің делебесін қоздырған спорттық шараларға келген көрермендер саны жағынан 2017-ші жылғы Универсиада рекордтық көрсеткішке жетті. Сандарға сенер болсақ, FISU тарихында ең көп қатысқан спортшылар мен ел саны бұған дейінгі ұйымдастырылған ойындарда болмаған екен. Сарапшылар мұны ұйымдастыру көрсеткішінің жоғары деңгейде екенін де жасырмады.
«Сіздер барлық жағынан жоғары көрсеткішке жеттіңіздер. Ал ең бастысы, көрермендер саны емес, олар өз командаларына қолдау көрсету үшін касса алдында ұзақ уақыт бойы кезекке тұруға дейін барды. Мұндай жағдайды жиі көре бермейміз. Бұл Универсиада кезінде сіздердің жасаған үлкен жетістіктеріңіз деп білемін», - деді FISU маркетинг және брендинг бойынша менеджері Адель ФАЙЗУЛИНА.
«Шараның көрермендері болған адамдар үйлеріне жақсы көңіл-күймен қайтады. Оған жабылу салтанатында куә болдық. Әлемнің 57 елінен келген спортшылар ойын барысында бір-бірімен дос болып үлгерді. Сайыс барысында олардың уақыты аз болса, жабылу салтанатында барлығының алған әсерлері жоғары болды. Осының өзінен Алматы мен өзге мемлекеттерде өткен Универсиада ойындарының айырмашылығы көзге ұрып тұр», - деді FISU қысқы универсиада директоры Милан АВГУСТИН.
Айта кетейік, дүбірлі дода Алматы қаласында 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өткізілген болатын. Оған әлемнің 57 елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысып, 85 медаль жиынтығын сарапқа салған еді. Жалпы командалық есеп бойынша Қазақстан екінші орынға тұрақтап, өз рекордын жаңартты.
Азамат Әуезхан, Рашит Ілиясов, «Алматы» телеарнасы