Универсиада күндері отандық кинотуындыларды тегін тамашалауға болады

30.01.2017 14:43

Универсиада күндері отбасыңызбен отандық кинотуындыларды тегін тамашалай аласыз. Мәдени шаралар аясында қала тұрғындары мен қонақтарына арналып фильмдер көрсетілмек. Бұдан бөлек дәстүрлі өнерді насихаттайтын түрлі концерттік шаралар да ұйымдастырылып жатыр.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры кинозалының жұмыс жасап тұрғанына небәрі 1 жыл болса да, қала тұрғындарын талай концертке келген. Кинозалдың ерекшелігі - қаладағы өзге кинотеатрларға қарағанда бағасы қарапайым халық үшін қолжетімді. Қазір универсиада күндері аясында тұрғындар мен қонақтар назарына отандық фильмдерді тегін көрсетпекші.  

«Аталмыш кинозалда ақысыз кинокөрсетілімдер көрерменге жол тартпақ. Бұл іс-шаралар қаңтар айының 29 мен ақпан айының 8-не дейін жалғасын таппақ. Концерттердің басталу уақыты сағат 17.00-де, ақысыз кинокөрсетілімдердің уақыты сағат 15.00-де», - деді  «АЛатау» дәстүрлі өнер театры кино бөлімінің менеджері Рита ХАЛЕЛ.

Кинобағдарлама қазақ және орыс тілдерде жүреді. Мұнда отандық режиссерлердің тың туындылары ұсынылған. Атап айтсақ, «Балалық шағымның аспаны», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», «Жаужүрек мың бала», «Біржан сал», «Құнанбай», «Қыз Жібек», «Жерұйық», «Аманат», Елбасы жолы. Отты өзен және Теміртау  және «Жұлдыздар тоғысқанда» атты кинокартиналар бар.

Тегін кинобағдарламадан бөлек дәстүрлі өнер театры Универсиадада өтетін мәдени шараларға қызу дайындалып жатыр. Арнайы құрылған «Алатау алабында» атты көрме алаңындағы киіз үйлер мен дәстүрлі мәдени экспонаттар қазақ халқының болмысынан сыр шерткендей әсер береді. Мұнда келушілерге дәстүрлі музыкалық аспаптардан құрылған оркестрдің сүйемелдеуімен концерттер ұйымдастырылмақ.

«29 қаңтардан 8 ақпанға дейінгі аралықта әр күні мектепте дәстүрлі музыкалық кештер өтеді. Бір кеште Алтай-Тарбағатай кешіне арналса, сосын арқа әндеріне, батыс әндеріне арналатын кештер болады», - деді ұйымдастырушы, музыка зерттеушісі Бағлан БӘБІЖАН.

Сонымен қатар, концерттік жобаның аясында жастар арасында айтыс өткізу жоспарланыпты. Мәдени шараларға қаланың кез келген тұрғыны мен қонақтары куә бола алады.

Назкен Байтілес, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы