Делебе қозар күн туды. Алматыда қысқы Универсиада ойындары - ресми түрде басталды. «Алматы Аренада» байрақты бәсекенің ашылу салтанаты өтті. Мұз айдыны жарысқа жан құмар жандарға лық толды. Ғаламат кеш - жылдың төрт мезгілін бейнелейтін қойылымдармен өрбіді. Думанды шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевта қатысты.
Серке шоқылардай іріктелген осы жігіттер - есіл елдің үкілі үмітін үлбіретіп ортаға шықты. Көк байрақты желбіретіп, аламанға қосылар арғымақтай арындады. Ал, арқаланған жұрт - қиқу қосып, қолпаштап жатты.
Универсиада ойындарының ашылу салтанатына келген халықта есеп болмады. Ұйымдастырушылар шараны жылдың 4 мезгілімен өрбітіп, қазақтың өткен-кеткенін түгендеді. Елдің салтын, ғұрпын көрсетті. Сөйтіп, мұқым жұртты әлемге әйгіледі. Өйткені, думанды осы дүрмекті жаһанның 80-ге тарта телеарнасы түсіріп, жарыса жазып жатты.
«Универсиада қарсаңында Алматыда бірнеше спорт нысандары мен айшықты атлеттер ауылы салынды. Мұның барлығы отандық спорттың инфрақұрылымына салынған орасан инвестиция»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Еліміз бұл жарысты ТМД аумағында тұңғыш рет өткізіп отыр. Ол - сонысымен де құнды. Биылғы Универсиадаға 57 елдің өкілдері қатысады. Ал, Қазақстан атынан 175 спортшы өнер көрсетеді. Біз хоккейден, фристайлдан, мәнерлеп сырғанау мен трамплиннен секіруден мықтымыз. Басқасынан топ жару да - басты міндет.
«Универсиадаға дайындық - өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған екен. Теңдессіз шараны өткізуге ат салысқан барлық азаматтарға алғыс айтамын. Жарыста тек мықтылар ғана жеңсін»,- деді FISU президенті, Олег МАТЫЦИН.
Қызыққа толы қойылымға 1 жарым мың әртіс қатысқан екен. Шара соңында еліміздің әр аймағынан жеткізілген бірнеше шырақдан - ортақ қазандыққа жағылды. Бұл - байрақты бәсекенің басталу белгісі. Ал, кешендегі көрініс кейін от шашуға ұласты.
Дастан Сейілханұлы, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы