Елімізде тағы бір жаңа пән мектеп бағдарламасына енгізіледі

26.01.2018 01:40

Елімізде «Футбол» мектеп бағдарламасына еңгізілуде. Оқушылар аптасына бір рет аталған спорт түрін сабақ ретінде оқитын болады. Республиканың 6 облысы мен 2 қаласындағы білім ошақтарына жаңа пән кірген. Оқушылардың «Футбол сабағынан» алған бағалары күнделікке қойылады, жылдық қорытындыға әсер етеді екен. Жаңа пән тек бастауыш сыныптарға енген.

«Футбол сабағында» оқушылар бірден спорт залға барып, доп теппейді. Бірінші тоқсан бойы теориялық тұрғыда білім алады. Рефераттар жасайды, отандық футбол туралы шығармалар жазады. Содан кейін ғана тәжірибеге көшеді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, мұндай жаңашылдық елімізде Футбол спорт түрін қарыштап дамытуға септігін тигізеді дейді.

«Практикалық тұрғыда бұл жерде бірден ойын емес. Бастауыш сынып болғандықтан жай ғана футбол элементтерінен құралған жаттығулар, футбол элементтері бар қозғалмалы ойындар деген сықылды өзіміз енгізіп отырмыз»,-деді Алматы облысы Талғар қаласы И. Халипов атындағы №1 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, Айдын ӘЛІМҚҰЛОВ.

Футбол сабағында барлығы үлкен спорттағы секілді. Оқушылар 40 минут ішінде допты алып жүру, командаласына дәл пас беру және қарсыласын алдап өту сынды түрлі жаттығулар жасайды. Тәлімгерлердің аталған пәннен алған бағалары күнделіктері мен журналға қойылады.  

Тәлімгерлер жаңа пәннен түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүр екен. Мектеп оқушылары «Футбол сабағын» асыға күтеміз дейді. Тіпті, өскенде аяқдопшы болуды армандайтындар да бар. 

«Футбол сабағы» деп аталатын жоба биыл мектептерге енгізіле бастаған. Бастауыш сынып оқушылары аптасына бір рет жаңа пәнді игереді. Мұндай жаңашылдықты «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» бастаған. Ал, білім министрлігі мен Футбол федерациясы жобаны қолдап, жаттықтырушылар бөліпті.

«Өткізіліп жатқан Футбол сабағына арнайы облыстық және қалалық футбол орталықтарының бапкерлері келіп, тәжірибелік сабақтарына көмектеседі. Орталықтардың бапкерлері  Футболға жақсы икемді оқушыларды алады да өздерінің топтарына қосады»,-деді ҚР білім және ғылым министрлігінің ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының бас әдіскері, Раушан ТОҚАЙ.

Қазірдің өзінде жобаға қызығушылық танытып жатқан білім ошақтары көп.  Жаңа пән Алматы мен Астана және 6 облыстағы мектептерге еңгізіліпті. Осы күні «Футбол сабағы» 200-ден аса білім ордаларында оқытылып жатыр. Ал, Алматы бойынша 30 мектеп пилоттық жоба бойынша жұмыс істеуде.

Өмір Әнуарбек Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы

Теги: мұғалім