Үш ай ішінде Қазақстанда тағы үш жол ақылы болады

16.06.2018 04:16

Бизнесті цифрландыру форматына ауыстыру көлеңкелі кәсіпті жоюға септеседі. Ал Алматы-Қорғас және Астана-Теміртау тас жолдары ақылы болады. Бұл Қос палатаның отырысында белгілі болды. Парламент сонымен қатар Президенттің Қазақстанның бітімгерлік бағытта әскерилерді Біріккен Ұлттар ұйымы миссиясына жіберу туралы ұсынысына қолдау көрсетті.

Қос палатаның басын қосқан бұл жолғы мәселелер әдетте өзекті болды. Премьер-министр бастаған топ өкілдері депутаттар алдында Елбасының «5 әлеуметтік бағыты» бойынша атқарылып отырған жұмыстарға есеп беріп, түйткілдерге жіті тоқталды. Бақытжан Сағынтаев орта және шағын бизнес жағдайын тілге тиек етті. Ақпарға сүйенсек, кәсіптің 38 пайызы көлеңкелі жұмыс істеп келеді. «Цифрлық» жүйеге көшу заңсыз жұмысқа тыйым салмақ. 2022 жылға дейін электрондық сауда жүйесіне 200 мың бизнес өкілін қосу жоспарда екен.

«Біз бүгінгі таңда «Цифрландыру» жүйесі туралы айтып жатырмыз. Экономиканы көлеңкеден шығару қажеттігі жиі қозғалып отыр. Электрондық сауда жүйесіне ауысу, осы бағыттарды іске асыруға мүмкіндік береді. Мыңдаған бизнес өкілдері заң аясында жұмыс істей бастайды»,-деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Үкімет басшысы депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға да жауап қатты. Халық қалаулысы Михаил Чирков өткен жылы тиесілі игерілмеген 508 млрд теңге жайын сұрады. Жыл сайын түйткілге айналған бұл мәселенің басты себебі техникалық қателіктер де екен. Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, бухгалтерлер жиі қателесіп келеді. Сондықтан аталмыш маман иелерінің кәсіби деңгейін көтеру қажет деді.

«Сіз атап өткен санға келер болсақ, 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары. Бірақ терең зерттеп көргенде қателіктердің 80 пайызы бухгалтерлерге тиесілі болып отыр. Бұл қаржылық заңсыздық емес. Қалған 20 пайызы жүйелік сипатқа ие»,-деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Жеңіс Қасымбек 2020 жылға дейін тас жолдардың 5 жарым мың шақырымы, 2022 жылға дейін 10 мың шақырым жол ақылы болатынын жеткізді. Түскен пайда қайта жөндеуді талап ететін аймақтарға кететін шығындарды жаппақ. Айта кетейік, бұған дейін министр жол ақылы болса, жылына 40 млрд теңге көлемінде кіріс әкелетінін айтқан болатын.

«Қазіргі кезде бізде Астана - Бурабай тас жолы ғана ақылы. Ол  210 шақырымды құрайды. Алдағы үш айда 3 аймақта 630 шақырымға жуық жол ақылы болмақ. Біріншісі, Алматы-Қорғас бағыты. Шілденің соңында Астана-Теміртау, қыркүйекте Алматы- Қапшағай ақылы болады»,-деді ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.

Парламент бұдан бөлек Президенттің БҰҰ миссиясы негізінде Қазақстан тарапынан бітімгерлік әскери топты жіберуге қатысты ұсынысына қолдау көрсетті. Оның ішінде, еліміздің Қарулы күштерінің 120 өкілі Үнді құрамымен бірге  Ливанға аттанады. Құрам жарты жыл сайын өзгеріп тұрмақ. Алатын жалақылары да айтарлықтай жоғары екен.

«Мысалы айда 70-100 алса, соны үш есе көбейтіңіздер біздің жалақымызбен. Қазақстан төлейтін. Оның өзінің үстінен төлейтін ақшасы бөлінеді. Ай сайын 1400 доллардай төленеді солдатқа»,-деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары   Талғат МҰХТАРОВ.

Сөз соңында ана мен баланың құқығын қорғауға жақсы көңіл бөлінетінін айта кетейін. Бұл мәселені заңдық тұрғыда қарастыру жайын  Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми көтерді. Оның айтуынша, жасөспірімнің дұрыс қалыптасуы тікелей анаға қатысты. Тұрмыстық деңгей өз алдына бөлек мәселе.

Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, Алматы телеарнасы, Астанадан.