Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев өмірден озды

Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев өмірден озды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев 95 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы көзі тірісінде 180 әннің мәтінін жазып, әлем әдебиетінің үздік шығармаларын тәржімалаған. Жазушының өлеңдері 20 тілге аударылыпты. Мұз аға, балалар әдебиетінің іргесін қалаушы. Ақын Республикалық «Балдырған» журналында 30 жылға жуық бас редактор қызметін атқарды.

Поэзия әлемінде ойып тұрып орын алатын Мұзафар Әлімбаев Қазақтың алғашқы әнұранының авторы. Абыз мінезді ақсақал, соғыс сұрапылын бастан кешкен шоқтығы биік жазушы. Қалам иесінің соғыстан кейін туған «Қарағанды жырлары», «Менің Қазақстаным», «Естай Қорлан» туындылары сол кезеңдегі қазақ поэзиясының шынайы табысы болып есептеледі. 

«Соғыс деген сор, ол қайғы-қасірет. Адамды қажытатын, қайратынан айыратын сор. Сондықтан, соғыс атаулыдан бәріміз аулақ болуымыз керек»,-деді Қазақстанның халық жазушысы, Мұзафар ӘЛІМБАЕВ.

18 жасында майданға аттанған жазушы қаламын қарумен қатар алып жүрген. Сұрапыл соғыста жазған туындылары газеттерге басылып, халықтың рухын жігерлендірген еді. Қарт ақынның жүрегі сұм соғыс енді болмасын деп тіледі. Мұз ағаның замандастары, денсаулығы сыр беріп, шау тартса да шығармашылығында тоқырау болған емес дейді. Күнделіктерін жазып, өлеңдерін шығарып отырған. Ақын, сөзжұбақ құрауды, әлем халықтарының мәтелдерін жинап, оларды қазақ тіліне аударумен уақытын өткізгенді жаны сүйген. 

«Мұзафар Әлімбаевтің соңғы ширек ғасырға жуық өмірі сол коляскаға байланғанымен, халқының мына үлкен жүрек соғысын, ылғи тамырының соғысын арнап. Соған өзінің үлкен ағалық, баталық тілегін айтып отырған сирек қаламгерлеріміздің бірі»,-деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, Нұрлан ОРАЗАЛИН.

Мұзафар Әлімбаевтің еңбектерін жаңадан тіл ашқан бүлдіршіннен бастап, аз-кем жасаған қарияға дейін оқиды. Оның туындыларын 20-ға жуық бауырлас халық аударыпты. Қарт қаламгермен қоштасу рәсімі, Алматы қаласында 29-шы қараша сағат 10:00-де Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында болады. 

Өмір Әнуарбек Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров