|
24.08.2018 | 18:54
5458

Полиция ломбардқа өткізілген құжатсыз бұйымдарды кез келген уақытта тексере алады

Полиция ломбардқа өткізілген құжатсыз бұйымдарды кез келген уақытта тексере алады

Алматыда ұрланған заттардың көбісі табылмайды. Құны миллион теңгеден асатын бағалы бұйымдар ломбардтарға өткізілетін көрінеді. Ал полиция қызметкерлерінің ондай жерлерді тексеруге құзыры жоқ екен. Ломбардтардың жұмысын кімдер қадағалайды? Қолды болған заттар шынымен де, қайда өткізіледі?

Аян Құдайқұлованың үйін 2013-ші жылы қарақшылар тонап кеткен екен. Айтуынша, ұрылар бағалы заттар тұрған сейфті қолды қылыпты. Содан бері 5 жыл өтсе де құзырлылар баукеспелерді таппаған. Аян Құдайқұлова істің жабылып, жоғалған заттардың іздестірілмей жатқанын айтады.  

«Ұрылар алыстан келмеген. Мен полицияға барлық материалды бердім. Кімнен күдіктенетінімді де айтқанмын. Алайда, еш нәтиже жоқ. Істі менің рұқсатымсыз жауып тастаған. Оқиға орын алған күні аулада қызметшім болды. Ол да ештеңе байқамаған. Ұрланған заттардың құны ақшалай есептегенде 1 миллион долларға тең. Көбісі сыйлыққа келген еді. Қателеспесем, қаладағы ломбардтардың барлығын аралап көрдім», – деді Аян ҚҰДАЙҚҰЛОВА.

Жәбірленуші ломбардтарға барып, өзінің бағалы заттарын іздегенімен, нәтиже болмаған. Аян Құдайқұлова қарақшылар қолды қылған заттарын ломбардтарға өткізуі мүмкін дейді. Тағы біраз жыл өткен соң олар сатылымға шығады. Қазірше менің алтындарым бір жерде сақталып тұруы ықтимал дейді ол. Ал ломбард өкілдері ұрланған заттарды алмаймыз деп сендірді. Егер азамат құнды затын өткізіп, ақша алғысы келсе тек «жеке куәлігімен» ғана қабылдайды-мыс. Оның үстіне, тауардың да құжаты болуы керек екен.

«Тауар өткізетін адамның жеке куәлігі міндетті түрде өзімен болуы керек. Сонымен қатар, кәмелеттік жасқа толған азаматқа ғана қызмет көрсетеміз. Ұрланған заттарды алмаймыз. Тауардың құжаты да болуы тиіс», – дейді ломбард өкілі Сәния ИМАНЖАНОВА.

Ломбард өкілдерінің осы сөзі рас екеніне көз жеткізу үшін біз Алматыдағы кепілдікке тауар қабылдап, ақша беретін мекемеге бас сұғып көрдік. Құжаты жоқ алтын білезікті өткіздік. 8 минуттың ішінде ақшаны қолымызға берді. Алтынның қайдан алынғанын да сұраған жоқ.

Міне, біз жаңа ғана қаладағы ломбардтардың біріне кіріп бағалы бұйымды өткіздік. Ең қызығы, өзіміздің атымыздан емес, бөтен адамның куәлігімен өткізсек те, сол адамның атына түбіртек жазып берді. Яғни, қарақшылар ұрланған заттарды осындай әдіспен өткізулері әбден мүмкін.

Құзырлы орган өкілдері ұрылардың көп жағдайда қолды болған заттарды осы ломбардтарға өткізетінін жасырмайды. Алайда, полиция қызметкерлері ондай жерлерді прокурор санкция шығармай тексере алмаймыз дейді. Тек баукеспе ұсталып, ұрлаған затын ломбардқа өткізген болса, сол орынды ғана тексеруге құзырлы.  

«Біздің қолымыз жіпсіз байланып отыр. Ломбардтарды қалаған уақытта тексере алмаймыз. Сондықтан осындай кейбір мекемелер тауарларды құжатсыз қабылдай береді. Біз тексеру мәселесін қалалық прокуратурада көтерген болатынбыз. Енді жаңа заң бойынша Қазақстандағы ломбардтар келген клиентті суретке түсіріп, жеке куәлігімен, өткізетін тауарының құжатымен қабылдайтын болады. Ал полиция қызметкерлері ломбардтағы құжаты жоқ заттарды кез келген уақытта тексере алатын болады», – деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Осы күні еліміздегі ломбардтар кәсіпкерлердің жекеменшігі саналады. Микроұйым болғанымен, олардың жұмысын Ұлттық банк те қадағаламайды.


Өмір Әнуарбек, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы  



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир