Алматы – Иркутск бағытында ұшақтар қайта ұша бастады

30.06.2018 22:30

Алматы мен Иркутск арасында 26 жыл бойы тоқтап қалған әуе рейсі жанданып, қайта ашылды. Соның арқасында жолаушылардың сапар шегуіне ыңғайлы жағдай жасалды. Енді Алматыдан жолға шыққан жолаушылар транзитпен Красноярск қаласына ұшып барады. Әрмен қарай Иркутскіге жол тартады. Жаңа бағыт адамдардың уақыттарын айтарлықтай үнемдейді. Өйткені, жолаушылар бұрын Алматыдан Иркутскіге жету үшін 18 сағатын сарп етсе, енді небары 6 сағатта діттеген жеріне жете алады. Әріптесім, Айдана Мейрамбайқызы да жаңа әуе бағытымен қатынап қайтқан еді. Билет құны мен өзге де жаңашылдықтарды тарқатсын.

Жаз басталғалы қазақстандықтар Алматыдан Иркутскке тікелей әуе рейсімен қатынай бастады. Бұл бағыттағы әуе қатынасы 26 жыл бойы тоқтап қалған еді. Салдарынан, жолаушылар Шығыс Сібірге жету үшін Новосибирск қаласы арқылы сапар шегуге мәжбүр болған. Жол азабын тартып әбден әбігерге түскендер, 18 сағаттан астам уақыттарын сарп ететін. Енді жаңа маршрут арқылы транзитпен 3 сағатта Красноярск қаласына жетеді. Әрмен қарай 1,5 сағатта Иркутскке ұшып барады. Жаңа бағытты Ресейдің «Ангара» әуе компаниясы ашып отыр.

«Енді Қазақстанның барша тұрғындарына Байкалға және Шығыс Сібірге келуге бірегей мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ, ресейліктердің де Алматыға жетуі жеңілдей түсті. Менің ойымша, өте ыңғайлы. Бұл бағытта рейстер аптасына екі рет, әр жұма мен дүйсенбіде жүзеге асырылады»,-деді «Ангара» әуекомпаниясының коммерциялық департаментінің жетекшісі Дмитрий МЯСНИКОВ.

Жолаушыларды діттеген жеріне жеткізу үшін 75 орынды An-148 ұшағы қызмет етеді. Ыңғайлы әуе көлігінің Алматыдан Иркутскке дейінгі билет құны 77 мың теңгені құрайды. 357 жылдық тарихы бар Иркутск Ресейдің ірі қалалаларының бірі саналады. Шаһарда бүгінде 600 мыңға жуық халық тұрады. Қазір мұнда туристік маусымның нағыз қызған шағы. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылар көркі көз тартар қаланың әсем келбетімен танысуда. Кезінде көпестердің орталығы болған шаһарда тарихи орындар мен ерекше нысандар жеткілікті. Қаланың іргетасы алғаш қаланғанда тұрғызылған көне, соның ішінде ағаш ғимараттар әлі күнге көздің қарашығындай сақтаулы тұр. Олардың өзі Еуропадағыдай эклектика, модерн және конструктивизм стилінде жасалынған.

«Иркутск Сібірдегі ең көне қалалардың бірі, негізін казактар қалаған. Бізде алтын өнеркәсібі жақсы дамыған, ұшақ өндіруді де мықтап қолға алдық. Бірақ, негізінен құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Қаламызда 9 жогарғы оқу орны, 6 театр және 12 музейіміз бар»,-деді экскурсовод Людмила КАСТЕВСКАЯ.

Иркутск маңында орналасқан ерекше мұражайдың бірі - ашық аспан астындағы Тальцы музейі. Ерекше қорғауға алынған орында ағаштан жасалған ғимараттар сақталған. Мұнда келушілер XVII-XX ғасырлардағы тарихи, сәулеттік және этнографиялық ескерткіштермен кеңірек таныса алады. Әрі сібірдің байырғы халықтарының материалдық және рухани мәдениетін көреді. Музейде орыс, бурят, эвенк және тофа халқының тұрған үйлері, күнделікті тұрмыста қолданған заттарын қосқанда барлығы 20 мыңға жуық экспонат бар. Жыл сайын ерекше мұражайды өз көзімен көру үшін 140 мыңға жуық адам келеді екен. Ал, музейден шыққасын әрмен қарай келбеті көз тартар атақты Байкал көліне жол тартуға болады.

Шығыс Сібірдің оңтүстігіндегі Байкал көлі Иркутск халқының мақтанышпен көрсететін ең тамаша байлығы. Теңіз деңгейінен 456 метр биіктікте орналасқан көл, тұщы әрі мөп-мөлдір. Жалпы Байкал көлі әлемдегі ең терең көл саналады. Оның тереңдігі тіпті 1637 метрге дейін жетеді.

Байкал көлі Иркутсктен 70 шақырым қашықтықта жатыр. Дегенмен, мұнда келген келген әрбір адам 300 миллион жылдық тарихы бар ежелгі көлді өз көзімен көруді міндет тұтады. Туристер арасында асқан танымалдылыққа ие болған көлдің айналасына әдемі қонақүйлер мен тамақтану орындарының сан түрі салынған. Байқалдың табиғатына тамсанған туристер бір емес, екінші, тіпті үшінші жылдары да келетін көрінеді. Әуе компания өкілдері де Алматы мен Иркутск арасында ашылған әуе рейсі аймақтың танымалдылығын арттырып, кербез көлге келушілерді көбейтетініне сенімді. Қыста сірескен қалың мұздың құрсауында жататын Байкалдың суы жазда да салқын екен. Шомылу маусымы тек шілденің соңынан тамыздың ортасына дейін созылады. Оның өзінде көлдегі ауа температурасы 20 градусқа әзер көтеріледі. Сондықтан, тынығушылар көбінесе кемемен сейіл құрғанды жөн көреді.

Аңыз бойынша Байкалдың 360 баласы мен жалғыз сүйкімді қызы Ангара болған екен. Оны әкесі үйінен ешқайда шығармай қатаң бақылап ұстап отырған. Күндердің күнінде ол өзінің сүйіктісі Енисеймен бірге дәл осы жерден қашып кетіпті. Сондықтан, жергілікті тұрғындар Ангара Өзенінің ағысы дәл осы жерден бастау алады деп ырымдайды.

Байкалдан ағып шығатын жалғыз өзен Ангара Иркутск қаласын бойлай ағып, Енисей өзеніне құяды. Айта кетсек, Ангараның жағалауында да туристерге көптеген қызмет түрлері ұсынылады. Өзен бойында серуендеп, тынығуға қала тұрғындары күн-түн демей көп жиналады. Жағалауда шағаладан бастап, құстардың бірнеше түрін көруге болады. Саяхатшыларды таза ауасы және тамаша табиғатымен тамсандыратын Иркутскте бас-аяғы 6 өзен мен 40 көпір бар.

Айдана Мейрамбайқызы, Нұрбол Әбдікерімов, "Алматы" телеарнасы.


Теги: Байкал