Жолдың жөнделгені жеке кәсіпкерлердің қалтасын қампитуда

08.12.2017 21:57

Жолдың жөнделгені жеке кәсіпкерлердің қалтасын қампитуда. Биыл Алматыда сегіз көше күрделі жөндеуден өткеннен кейін, онда орналасқан сауда нүктелері мен мейрамханаларға бас сұғатын бұқараның саны артқан. Анығын айтқанда, кәсіпкерлердің тапқан  пайдасы  60 пайызға көбейіпті. Мәселен, Панфилов пен Жібек Жолы, Қабанбай мен Қарасай  батыр және  Гоголь көшелері кілтипансыз кейіпке енген. Жолдар жүргіншілер мен веложолақты пайдаланатындарға ыңғайлы.  Оған қоса,  Арбатта қосымша 62 орынға шақталған автокөлік тұрағы салынды. Бір жағынан бұл орындар жәрмеңке кезінде сауда алаңына айналып шыға келеді. Сондай-ақ, алаңда суретшілер мен өнерпаздарға да  қолайлы жағдай жасалған.  Бұдан бөлек, жолдың жөнделгенінен кейін, аталған аумақтағы жылжымайтын мүліктің құны 30 пайызға қымбаттапты. «Жоба жетекшілері жолдарға өзгеріс енгізу мұнымен тоқтап қалмайды», - дейді. 

«Біз осы сенбі күні 2018 жылы күрделі жөндеуден өтетін 18 көшенің  жобасын ұсынатын боламыз. Осы ретте, кәсіпкерлердің де пікірін білу бізге маңызды. Бүгінде, Жамбыл көшесінің бойында өз бизнесін ұзақ уақыт бойы жалғастыруды жөн көрген іскерлер өз қалауларын жеткізуде. Сондай-ақ, Меңдіқұлов көшесінің бір бөлігін өзгерту келесі жылдың еншісіне қалды. Бастысы-тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін ортақ шешім қабылдауымыз -жобаның сәтті іске асқандығының көрінісі», - деді Урбанистика орталығының директоры Наталья ЛИВИНСКАЯ. 

Кәсіпкерлерге мұндай жағдай жасау бекер емес. Өйткені, қала қазынасының тең жартысын бизнестегі өкілдер толтырады. Ал оңтүстік астанада өмір сүретін әрбір 10 алматылықтың жетеуі дәл осы салада жұмыс істейді. Іскерлердің ісі алға бассын деп, биылдыққа 125 жобаның жүзеге асуына "бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша 9 миллиард теңгеден астам субсидия берілген. Бұдан бөлек, өз кәсібін енді ашқысы келгендерге 18 миллион теңгеге дейін 6 пайыздық үстемемен несие үлестіріледі.