Алматы қаласының бірқатар көшелеріне жаңа атау берілді. Бұрындары ешкімнің есімімен аталмаған көшелер енді еліне елеулі үлес қосқан азаматтардың атымен аталмақ. Ұлы мен қызын ұлықтаған ұлт кімдердің есіміне көше берді?
Бұған дейін бұл көше «8-ая линия» деп аталып келді. Ел тәуелсіздігінің 25-жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 30-жылдығына орайластырылып, аталған көшеге 86-шы жылғы көтерлістің қаһарманы Ербол Сыпатаевқа берілді. Бұл күнді оның туған-туыстары мен жақындары асыға күткен. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталады.
1986 жылы елімізді дүр сілкіндірген Желтоқсан ұлттық көтерілісінің құрбаны Ербол Сыпатаев 1964 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы, Еңбекші ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезден-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бастауыш комсомол ұйымын басқарыпты. Әскери борышын өтеп болып, 1985 жылы ол Алматы энергетика институтына оқуға түседі. 2 курс студенті болып жүргенінде әміршіл-әкімшіл жүйенің кемшіліктеріне қарсы тұру кезінде аяусыз соққыдан алаңда қайтыс болады. Тәртіп бұзушылықтардың ұйымдастырушысы деген айып тағылып, 1993 жылы қайта ақталады. Енді міне, ұлтының ұлы болып өткен азаматқа қаланың Бостандық ауданынан көше атауы берілді.
«Жақсылықтың ерте-кеші жоқ дейді ғой. Президент күні аталып өтіп жатыр. Оған енді біз отбасымызбен айтарымыз, бүкіл желтоқсан қаһармандарын құрметтеу барысында үлкен іс-шаралар өткізіліп жатыр қалалық әкімшілік. Кеше Ерболдың есімі аталды. Әрине біз қуаныштымыз», - деді Ербол Сыпатаевтың інісі Ержан СЫПАТАЕВ.
«Қалқаман-2» ықшам ауданындағы Мұхтар Әуезов атындағы көшенің де атауы өзгертілді. Наурызбай ауданындағы бұл көшеге Бәйкен Әшімовтың есімі берлді.
Бұдан бөлек, «Көкқайнар» шағын ауданындағы төменгі Абай деп аталып кеткен көшеге Әзірбайжан Мәмбетовтің, «Әйгерім-1,2» шағын ауданындағы Ленин көшесіне Василий Бенбериннің, Мирзоян көшесіне Шапық Шөкиннің, «Көктөбе» шағын ауданындағы Жамбыл Жабаев көшесіне Роза Бағланованың, 8-ші линия көшесіне Ербол Сыпатаевтің есімдері берілді. Бұл шешімді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек осы азаматтардың ұрпақтары, әріптестері мен ізбасарлары алдында мәлімдеді.
«Еліміздің егемендігі жолында еңбек еткен біртуар қайраткерлердің есімдерін қала көшелеріне беру туралы шешім қабылданды. Ақсақалдар алқасы, зиялы қауым өкілдерінің ұсынысы бойынша және қоғамдық кеңес ұсыныстары бойынша, ономастикалық комиисияның шешіміне, қала маслихаты депуттарының шешімімен осындай шешім қабылданып отыр», - деді Алматы қаласының әкімі Байыржан БӘЙБЕК.
Қала тұрғындарының біразы бұл көшелерге жаңаша атау берілгендігі жөнінде бейхабар. Десе де, тәуелсіздікке ұмтылып, бостандыққа қол созған ерлердің есімі қашанда ұлықталуы қажет дейді.
Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Ербол Сыпатаевқа бұған дейін де оның кіндік қаны тамған жерінде мектептің аты берілген. Одан бөлек, Жаркент қаласында ел азаматына ескерткіш қойылған. Бүгінде елі үшін құрбан болып, жастарға үлкен үлгі-өнеге көрсеткен ерлердің есімін ұлықтау ісі жақсы жолға қойылған.
Сая Меңдеке, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеларнасы