Үшқоңырдағы «Азем» аэродромы жұмысын мүлдем тоқтатуы мүмкін. Ұшақ апатынан кейін, жауаптылар осы мәселені қызу талқылап жатыр. Қазір әлгі оқу-жаттығу аумағы уақытша жабылған. Ал әуе апатынан қаза тапқан курсант Айдар Әбішевтің денесі сараптамадан өтіп, ата-анасына тапсырылды. Ал ұшқыш инструктордың мәйітін әкесі туған жері Украинаға алып кетпек. Әзірге құжат жағынан сұрақтар шешілмей жатыр екен.
«Бізде Сергей Курченкодан басқа тағы да Ресей мен Прибалтикадан келген ұшқыштар бар. Олар осы уақытқа дейін оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жүрген. Әуе апатында кезінде ұшақта ақау болмаған. Оған күмән жоқ. Одан кейін, конструкторда да кінә жоқ. Маманды жұмысқа аларда кәсіби біліктілігіне, жұмыс өтіліне қарадық. Осыған дейін академияда мұндай қайғылы жағдай орын алмаған еді», - деді Азаматтық авиация академиясының проректоры Шәміл БЕРІШОВ.