Елбасы мереке қарсаңында нәзік жандылармен кездесті

09.03.2017 15:08

Әйел  үйдің қазығы деп әйелін құрметтеген халықпыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі түрде  мереке қарсаңында нәзік жандылармен кездесті.  Ақордаға өз ісінде озат көрсеткіштер көрсеткендер жиналды. Президент батыр аналарымыздың ерлігіне тоқталды. Ел басына күн туғанда ер-азаматтарымызбен қатар бірге жауға шапқан Бопай ханым, Хиуаз Доспанова, Әлия, Мәншүктердің ерлігін еске алды. Арасында Елбасы ресми басталған кездесуді әдемі әзілдермен қағытып көңілді басқосуға айналдырды.

Тек шетелдік меймандарды қарсы алатын Ақорданың басты залы қыз-келіншектерге тола. Барлығының көңіл-күйі шат-шадыман. Себебі, мемлекет  басшысының өзінен мақтау есту, құттықтау қабылдау екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Бұл  жолы еліміздің әр аймағынан келген 20 қыз-келіншекке бұйырды. Көбісі өз саласында елеулі жетістікке жеткен -  әкім, кәсіпкер, әнші, дәрігер, спортшы, әскери қызметкерлер мен көпбалалы аналар.

«Әйел үйдің қазығы» деп әйелін құрметтеген халықпыз. Елдің көркі деп қызын құрметтеген  халықпыз. Ұлы дала елінде ықылым заманнан игі дәстүр қазірге дейін жалғасуда»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. 

Хан сарайына арнайы кімдердің  шақыралатындығын ұзақ таңдадық дейді Елбасы. Таңдаулылардың басын біріктіруге тырысып баққан ұйымдастырушылар. Нұрсұлтан Назарбаев  билікте әйелдердің саны артып келе жатқандығын айтты. Осыдан  тұп-тура 12 жыл бұрын биік мінбердегі нәзік жандылардың үлесін 30 пайызға арттыру жөнінде тапсырма берген.

«Ол кезде мүмкін еместей көрінген. Мемлекеттік аппаратта әйелдермен кеңесетін, алайда, шешімді өздері қабылдайтын ерлер болды. Ерлер өзімшіл.  12 жыл бұрын биліктегі әйелдер қатарын көбейтуді ойлап едім Қазір сол көрсеткішке қол жеткіздік. Министр де, депутат та әйел»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. 

Президент ер-азаматтарға ұнаудың формуласын да жайып салды. Құпиясы - бар болғаны мақтауды сүйетін әйелдер қауымына жылы сөзді еселеп айтсаңыз, нәзік жандылардың қайтарымы мол дегенге саяды. Шақырылғандарға Президент құрмет қошемет қана көрсетіп қойған жоқ, Ақорданың ішінде шағын экскурсия жасапты. Жеке кабинетін көрсетіп, аралатқан. 

«Сондай жылылық бар. Бүкіл қобалжығаным кетіп, айтқанын тыңдап отырдық. Елбасы бізге экскурсия жасады. Оның өзі өте ерекше. Біз оның  жеке кабинетін көрдік. Мың да бір шүкір. Мен бақыттымын. Аллаға рахмет»,- деді Актриса, Салтанат БАҚАЕВА. 

Әйел отбасының ғана емес, ұлттың ұйытқысы. Түрлі салада ерлермен иық тірестіре табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді  мемлекет қолдай бермек.  Кездесу соңында нәзік жандылар ұмытылмас күнді мәңгілік жадыларында сақтау үшін естелік фотоға түсті.