Алатау ауданында жартасқа өрмелеу үйірмесі өз жұмысын тоқтатпақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алатау ауданында жартасқа өрмелеу үйірмесі өз жұмысын тоқтатпақ. Әлгі орын апаттық мектепте орналасқан екен. Сондықтан қала басшылығы оны сүріп тастау туралы шешім шығарған. Осыған алаңдаған ата-аналар арнамызға хабарласып, бізден көмек сұрады. Олар спортқа құмар балалары енді бос жүріп қала ма деп, алаңдайды. Сондықтан демеушілерден жомарттық күтеді.  

17 жастағы Айдана Ыбрайымбаева жартасқа өрмелеп шығудың нағыз шебері. Қаршадай қыздың осы спорт түрімен айналысып келе жатқанына 8 жыл асыпты. Төрткүл дүниені аралап, жеткен жетістігі де аз емес. Айдананың қоржынында Қазақстаннан бастап, Азия, Еуропа және Әлем чемпионаттарының жүлдерлері бар.

«Біздің қазіргі спортымыз осы жылы олимпиадаға қосылды. Сол олимпиадаға қатысып, қазақтың көк туын желбіретсем деген ойдамын», - деді жартасқа өрмелеу спортынан Азия чемпионы Айдана ЫБРАЙЫМБАЕВА.

Айдана сынды мұнда жаттығып, жоғары нәтижеге қол жеткізгендер өте көп. Соның бірі - Жүсіп Сейтов. 12 жасар спортшыны тегін жаттығуға анасы жазған екен. Тұңғышының жетістіктерін көрген Әсия Қазиева артынша тағы 2 ұлын да жаттығуға жетектеп келіпті. Қос бүлдіршін де ағаларының жолын қуып, жүлдегер атанғысы келеді. Алайда, бұған мүмкіндік болмай тұр. Балалар жаттығатын мектеппен бірге құзға өрмелейтін жасанды жар да сүрілмекші. Соның салдарынан, 60-қа жуық жас спортшы шынғудан қалады.

«Бұдан былай балаларымды жаттығуға қайда апарарымды білмеймін. Қазір барлығы қымбат, өзім көп балалы анамын. Мен тұңғышымның әрмен қарай шынығып, нәтижесін жақсартқанын қалаймын. Өйткені, кенжелерім ағаларына қарап бой түзеп келеді», - деді қала тұрғыны Әсия ҚАЗИЕВА.

«Шаңырақ-2» ықшамауданындағы құзға өрмелеушілердің жасанды жары 15 жыл бұрын салыныпты. Осы уақыт аралығында жаттықтырушылар экстремал спортшылардың талайын тәрбиелеген. Тіпті, 12 бала жасөспірімдер арасында осы спорт түрінен әлем және Азия чемпионы деген атаққа ие болған. Құзды бағындырушылар енді Токиодағы Олимпиадаға аттануды жоспарлап отыр. Додаға жаттығу үшін әрбір минут қымбат. Бірақ жаңа мектепті тек 2018 жылы ғана тұрғызбақ. Ал, онда жасанды жардың болуы екіталай.

«Қазақстан чемпионатына дайындалуымыз керек, Сингапурда жастар арасындағы Азия чемпионаты, сосын Австралиядағы жастар арасындағы әлем чемпионатына дайындалу керек. Енді бізде қазір жағдайымыз болмай тұр. «Шаңырақ» ықшамауданы қалаға алыс, жол жүруі бар, сонымен жаңағы арена төлеуі бар. Біздің оқушылардың оған жағдайы келмейді», - деді жартасқа өрмелеу спортынан жаттықтырушы Серік ЕГІЗБАЕВ.

Алатау ауданында бұдан басқа жартасқа өрмелеуден тегін үйірме жоқ екен. Сондықтан ата-аналарына балаларын басқа үйірмеге апарудан басқа амалы жоқ. Ал оған көптің қалтасы көтермейді.

«№26 жалпы білім беретін мектепте қазіргі күні 3055 бала оқып жатыр. Сол 3055 баланың 1500-і пәтер жалдап тұрады. Демек, әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар. Әлеуметтік жағдайы нашар отбасының 60 баласы осы жартасқа өрмелеу үйірмесіне қатысып жүр. Бұл әрине бұзылуға жатады. Сосын кейін оны қайтадан қалпына келтіретін спонсорлар табылса деген ниеттеміз», - деді №26 орта мектеп директорының орынбасары Айтұлған БАРАҚБАЕВ.

Ата-аналар мен балалардың өздері оларға көмек беріп, қол ұшын созар демеушілер табылады деген үмітте. Әйтпесе, балалар бағындырар биік алыстай түспек.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров