Заңсыз құрылыс жүргізуге жол жоқ. Алматыда тағы бір
рұқсатсыз бой көтерген ғимарат тас-талқан етілді. Сот орындаушылар
жергілікті сәулет-құрылыс қадағалау органдарына ескертпестен нысан
тұрғызған кәсіпкерге шара қолданды.
Алма-арасан шатқалындағы өзен жағасының 22 сотық жер теліміне кәсіпкер
үлкен ойын-сауық орталығын салмақшы болған. Осылайша, 2006 жылы құрылыс
жұмыстарын бастапты. Алайда, еш рұқсат қағазы болмағандықтан соңынан сот
орындаушылары түскен.
Тау етегіндегі көрікті жерге иелік еткен кәсіпкер 2160 шаршы метрді
құрайтын бұл ғимаратты рұқсат құжаттарына қол жеткізбей тұрып сала
бастапты. Алайда, қаржысы жетіспей, құрылыс жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр
болған. Әуелде облыс аумағында болған жер учаскесі, кейін Алматыға
қосылған. Ал, жергілікті сәулет-құрылыс қадағалау органдарына жіті
тексеріс кезінде 2008 жылдан бері тұралап қалған құрылыстың заңсыз
екенін анықтапты. Тіпті тұрғызылған нысан су қорғау аймағында
орналасқандықтан, ғимаратты әрмен қарай іске асыруға тыйым салған.
"Бостандық ауданына мониторинг жүргізу барысында мына заңсыз салынған
нысан анықталды. Сол себепті, Алматы қаласы мемлекеттік сәулет құрылыс
бақылау басқармасы мен 2016 жылғы 28-қаңтар күні әкімшілік құқық
бұзушылықтар туралы кодексінің 316 бабы және 321 бабы бойынша, әкімшілік
хаттама толтырылды",- деді Алматы қаласы мемлекеттік сәулет құрылыс
бақылау басқармасының бас маманы,
Біржан ҚОЖАНИЯЗОВ.
Ғимарат жобалық-сметалық құжаттамасыз, сараптамасыз, әрі еш техникалық
қадағалаусыз бой көтергендіктен иесіне 848 мың теңге айыппұл салыныпты.
Ал, тамыз айында мамандандырылған экономикалық сот ғимаратты сүру туралы
шешім шығарған. Сот орындаушылар кәсіпкерге нысанды өз еркімен сүру
туралы сан мәрте ескерткенмен, құлаққа ілмепті. Ғимараттың жертөлесін
тіпті туған ағасына қоныстауға беріпті. Құжаты жоқ ғимарат ішінен мына
бір бөлмені жаз кезінде салып, жан бағып жүрген азамат қанша шырылдап,
қарсылық танытқанмен қатулы сот орындаушылар ғимаратты сүре бастады.
"Мынаған қаншама ақша құйылды енді, қазір сендер бұзбақшысыңдар
осыны, ысырап. Қауіпті тұр ғой әне жоғарыда «Тау-дастархан» тұр, басқа
ресторандар тұр соларды бұзбай ма енді. Барлығы қауіпті аймақ, онда
тұрған не бар",- деді Заңсыз ғимарат иесінің туысы, Манас АҚШОРАЕВ.
Қыруар қаржы жұмсап тұрғызылған ғимараттың қабырғалары берік.
Құрылымдары монолиттен жасалған нысанды әп-сәтте бұзып тастау мүмкін
емес. Сондықтан, сот орындаушылар ғимаратты қирату үшін арнайы
техниканың көмегіне жүгінді.