Алматыда қоқыс алаңдарын жөндеу жұмыстары жүруде

30.03.2017 в 16:21

Қабырға емес, қамал тұрғызатындай уақыт болды. Тұрғын үй аулаларында жаңадан қоқыс алаңын жөндеген мердігерлер ескі контейнерлерді жүргіншілер жолына қарай алып тастаған. Ол жүргіншілерге кедергі келтіріп жатқан көрінеді. Тіпті, ауладағы балалар алаңынан да алыс емес. Арнамыздан көмек сұраған тұрғындар мәселесін Перизат Көмекбайқызы біліп қайтты.

Бұл қоқыс алаңының жөндеу жұмысы қараша айында басталған. Бұрыңғысының тек мынадай үйілген бөліктері ғана қалған. Тұрғындардың сөзінше, ол жұмыс екі айдан кейін тұралап қалыпты. Қалпына келтіру жұмысы басталғалы бері мұндағы жұрттың мазасы кеткен. Қоқыс алаңынан шығарылған жәшіктер қозғалысқа кедергі келтіруде дейді олар. 

«Біз қалпына келтіру жұмысы тезірек аяқталса дейміз. Себебі, тұрмыстық қалдыққа толған жәшіктердің ішіндегі барлық заттар жан-жаққа шашылады. Ол бірнеше уақыт жиналмай жатады. Алда жаз. Ал ол мезгілде қоқыс көбейіп кетеді. Басталған жұмыс аяқсыз қалмаса деп тілейміз»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Жанна ЖАЛАМОВА. 

Сорақысы, балалар ойнайтын алаң да қоқыс жәшіктерінің жанында орналасқан. Күлімсі иіс те қолқаны жиі қабады.  Балаларының денсаулығына алаң болған ата-аналар қоқыс алаңымен қоса, ойын алаңын да қалпына келтірілсе дейді. 

«Мен бұл жақта бұрыннан тұрамын. Көптеген үй маңында алаң тапшы. Ал біздің аула өте кең. Енді сол алаңды қалыпқа келтірсе, жақсы болушы еді»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Зухра СМАҒҰЛОВА. 

Тұрғындар қоқыс алаңын жөндеу жұмысының тұралап қалуы тек мұнда ғана емес, көрші үйлерде де бар екендігін алға тартты. Бір қабырға тұрғызудың өзі, бір үлкен қамал салғандай болды дейді. 

«Мен Алматы қаласы Алмалы ауданының сайтына кірдім. Ол жерде біздікі сынды мәселемен 15-тен аса тұрғын шағымданғанын көрдім. Мекен-жайлары әр түрлі»,-деді Алматы қаласының тұрғыны, Жанна ЖАЛАМОВА. 

Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары қалада бірнеше қоқыс алаңы жөндеуден өтуі керек болғанын айтты. Өткен жылы арнайы байқау өткізіліп бір компания 8 аудан бойынша 862 алаңды қалпына келтіруге міндеттелген. Алайда былтыр толық аяқталуы тиіс іс, әлі бітпеген. Сондықтан басқарма жауапсыз мекемені сотқа берген. 

«Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы компания мемлекеттік тапсырысты орындамағаны үшін жауапсыз деп тану және басталған жұмысты толық аяқтауға міндеттеу үшін заңға сәйкес сотқа арыз жіберді. Қазіргі таңда сот процесі жалғасуда»,- деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы, Арман ШАТЫРБЕКОВ. 

Мердігер компания өзінің кінәсін мойындаған. Қаладағы барлық қоқыс жәшігін маусым айына дейін қалыпқа келтіретіндігін хабарлапты. Жалпы бұл жұмысқа 540 миллион теңге қаржы бөлініпті. Бірақ, мердігер компания төленген ақша, жасаған жұмысына ғана сай берілген.  

Перизат Көмекбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы