Алматыда қаланың көркін бұзған сұрықсыз гараждар сүріліп жатыр

14.04.2018 17:47

Алматыда қаланың көркін бұзған сұрықсыз гараждар сүріліп жатыр. Өйткені, қоймалардың көбісі иесіз қалған. Ал өздерін «көлікжайдың қожайынымыз» деп таныстыратындардың қолында тиісті құжаты жоқ. Тазалық сақшылары бір ғана Әуезов ауданынан 200-ден астам ескірген темір гаражды анықтапты. Енді экологтар көп күттірмей, олардың барлығын бұзып тастамақ.

Іші-сырты тот басып, әбден тозығы жеткен бұл темір гараждар кезінде еңбек және соғыс ардагерлеріне берілген. Қазір қоймалар қараусыз қалған. Бірінің қожайындары баяғыда қайтыс болса, ал кейбірінің иелері тастап кеткен. Енді экологтар бұл гараждарды сүріп тастауға ниеттеніп отыр. Өйткені, сұрықсыз көлікжайлар қала көркін бұзғаны өз алдына, қобырсыған қоқыстың ордасына айналып кетіпті. Жауаптылар «Ақсай» ықшамауданындағы 4 қойманы жермен жексен етті.

«Бұл маңдағы гараждар 90-шы жылдардың басынан бері тұр. Қазіргі уақытта көбісінің иесі жоқ. Ал қоймаларды жалға алушылардың тиісті құжаттары жоқ. Барлығын тексеріп, шетінен бұзып жатырмыз. Өйткені, гараждар қаланың көркін кетіріп, айналасы қоқысқа толып кеткен»,-деді Алматы қаласы әуезов ауданы экология бөлімінің басшысы Ғалия ТӨЛЕГЕНОВА.

Жергілікті тұрғындар сұрықсыз гараждардың сүрілуін асыға күткен екен. Олар қараусыз қалған қаңылтырлар панасыз қаңғыбастардың мекеніне айналғалы талай уақыт болды деседі.

Қала көркін бұзған иесіз гараждарды сүру жұмыстары бүкіл қала аумағында жүргізілмек. Бір ғана Әуезов ауданында  200-ден астам ескірген темір қойма болса, экологтар екі апта ішінде олардың 14-ін бұзған. Қалғаны жыл соңына дейін жойылады.


Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы