Алматылық 100 000 оқушы жазғы лагерде демалмақ

30.05.2018 16:07

Алматылық оқушылар жоспар бойынша тынығу лагерлеріне барып демалады. Қалалық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, қазір тынығу орындарын жабу немесе ұйымдастыруын кейінге шегеру мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Биыл жүз мың алматылық оқушы жазғы лагерлерде бос уақыттарын өткізеді. 1-10 сыныпта оқитын оқушылар аталмыш орындарда 10 күн тыныға алады. Бұдан бөлек, демалыс уақытында оқушылар үйі, жас натуралистер орталығы, спорттық үйірмелер мен тілдік курстар өз жұмысын тоқтатпайды.

«Тегін лагерлермен қамтамасыз етілген шамамен 4 мыңға жуық балаларға жергілікті бюджет есебінен 232 миллион теңге бөлінген. Тегін ұйымдастырып жатқан лагерлерге конкурс ойнату кезінде тағы бір талап қосымша былтыр енгізген болатынбыз. Мына ерекше қажеттілікке ие балаларға жазғы демалыстарын ұйымдастыру кезінде жағдай жасау туралы. Былтыр тұңғыш рет осындай балалар барып демалып келді. Биыл да біз осы ерекшелікті сақтап қалдық, талапқа енгіздік. Лагерлер жағдай жасауға дайын»,-деді Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА. 

Биыл еліміздегі аз қамтылған отбасыдан шыққан 16 мың баланың тынығуы үшін республикалық бюджеттен 4 миллиард теңге қарастырылып отыр. Ал, Алматылық үздік оқушыларды тосын сый күтіп тұр. Шілде айында олар Астананың 20 жылдығы мерейтойына орай елорданы тамашалай алады. Құрметті көрермен, білім саласындағы осы және өзге де тақырыптар "Ақшам алаңы" бағдарламасының бүгінгі санына арқау болып отыр. Қорытынды жаңалықтардан соң тамашалай аласыздар. Студияға қонағы Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жылқыбаева.