Алматыда тұрғындарды жұмыс орнына барып тіркейтін мобильді қызмет іске қосылды

25.01.2017 14:40

Алматыда тұрғындарды жұмыс орнына іздеп барып тіркейтін мобильді қызмет іске қосылды. Әуезов ауданында басталған іс шара осы айдың соңына дейін жалғаспақ. Бұл жұмыстан босай алмайтын жандарға  жақсы мүмкіндік болып отыр. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары  ауданның 19 жерінде үш топ болып жұмыс істемек. 

Ірі сауда орталығының бірінде кәсіп істеп, күнін көріп жүрген жанның бірі Татьяна. Уақытша тіркеу талабы талай рет айтылғанмен, күнделікті күйбің тірліктен шыға алмай жүрген. Әрі ХҚКО-да ұзын сонар кезекте кептеліп тұрғысы жоқ. 

«Бұндай ыңғайлы жағдай жасағаны өте жақсы болды. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып тіркеуге тұруға уақытым болған жоқ. Енді, осында-ақ тіркеліп жатырмын. Мұндай жағдайға, жұмыс бастылардың барлығы қуанатын болды»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Татьяна КОБАЛКОКА.

Мобильді топтың құрылғанына үшінші күн. Ауданда 260 мың халық тұрса,  үш аптаның ішінде 14 мың адам уақытша тіркеуге тұрып үлгерген. Сонымен қатар, азаматтарды онлайн-тіркеу қызметі де қатар жүріп жатыр. Пластик картасы бар адамдардың тіркелуіне ары кетсе бес минут уақыт қажет дейді мамандар. 

«Порталға кіріп кілт арқылы тапсырыс бересіз. Одан кейін үйдің қожайыны келісімін береді портал арқылы. Ол шығып кеткеннен кейін сіз қайта кіріп ақшасын төлейсіз. Одан кейін қол қоюға жібереміз. 230 теңге баж салығы, 100 теңге комиссия. Барлығы 330 теңге»,- деді Алматы қаласы, Әуезов аудандық  ХҚКО маманы, Күлайхан ЖАҚСЫЛЫҚОВА. 

Аудандық ХҚКО мамандарды көшпелі тіркеуді айдың соңына дейін жалғастырамыз деп отыр. Сауда орталықтары, базар, оқу орындары сынды барлығы 19 жерге барып, сондағы халықты тіркеуге тұрғызбақ. Бірақ, мобильді тіркеудің жұмыс бастағанынан қала тұрғындары көбі әлі бейхабар көрінеді. 

«Алматы және Астана қалаларында жоғары оқу орындары мен сауда орталықтарында  ХҚКО мобильді топтама құрып, осындай жерлерде халыққа қызмет көрсеу үстіндеміз. Үш күн ішінде электронды түрде 50 және көшпелі орталықта 45 адамға қызмет көрсетілді»,- деді АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӘУЕЗОВ АУДАНДЫҚ ХҚКО БАСШЫСЫ, Қанат АЙМАНОВ.

Кеше билік тіркеуге тұрудың мерзімі ұзартылғанын мәлімдеген соң, қызмет көрсету орталықтарына келетін ел саябырсып қалған. Ал, заң бойынша тіркеуге тұрғанын тексеріп келген  полицияға тіркелгенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Инспектор құжатыңызды сұрап, ондағы деректерді жазып алуға ғана құқылы. Ол ақпараттық жүйе арқылы жұмыс орнында қажет мәліметтерді тексере алады. Айта кетейік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тексеруді түнгі сағат 23:00 ге дейін ғана жасаулары тиіс.

Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы