Алматы облысындағы Қайназар ауылында 100-ге жуық мұғалім жұмыссыз қалғалы отыр. Өйткені, осы күнге дейін ескі мектепте дәріс берген ұстаздарға аудандық білім бөлімі күзде су жаңа мектепке көшетіндіктерін айтқан. Алайда, ол білім ордасына өзге директор тағайындалып, 60-қа жуық мұғалім сырттан шақыртылыпты. Осыны естіген ұстаздардың үрейі ұшып отыр.
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғалы қайназарлық мұғалімдерден маза кетті. Олардың үрейленуіне ауылда салынған су жаңа мектеп себеп болған. 2013 жылы ауыл шетінен заман талабына сай, жаңа білім ошағы бой көтеретіні туралы шешім қабылданыпты. Нысан қолданысқа берілгенде осында отырған 85 ұстаз оқушыларымен қоса сонда көшуі тиіс-тін. Алайда, онда басқа директор тағайындалып, 60-қа жуық мұғалім сырттан шақыртылып қойған көрінеді.
«Сендер осы жаңа мектепке барасыңдар, кішкене шыдаңдар деген. Ал енді жеме-жемге келгенде бізге ол жерге басқа коллектив барады, өзінің құрамы бар, деді. Өзінің директоры бар деп бізге солай айтып жатыр. Енді сонда осы жерде отырған 85 мұғалім жұмыссыз қалуымыз керек пе?», - деді Қайназар орта мектебінің мұғалімі Шолпан НҮСІПАЛИЕВА.
Жетпісінші жылдары тұрғызылып, әбден тозығы жеткен Қайназардағы бұл мектепте 80 бала оқуы тиіс. Бірақ бүгінде мұнда 700 оқушы 4 аусымда білім алып жүр екен. Олар тар сыныптарда тіпті бір-бірімен сығылысып отыруға мәжбүр. Ескі ғимарат баяғыда-ақ апатты деп танылып, бұл мектеп ұжымы мен оқушылары жаңа білім ошағына ауыстырылуы керек болатын. Алайда, күні кеше ұстаздарға аудандық білім бөлімінің әдіскері апаттық мектептің жабылмайтынын айтыпты. Яғни, білім ошағында тек бастауыш сыныптарды немесе 9 сыныпқа дейінгі балаларды оқытатыны туралы қарастырылап жатқанын кесіп айтқан.
«Екі ортада біздер жұмыссыз қалайын деп отырмыз. Қараша айында біраз ағайлар зейнетке шығайын деп отыр. Сонда біз қайда барамыз? Мына жерге ешқандай бала келмейді, мысалы, мен де баламды, немеремді бермеймін. Балаларымды жаңа мектепке беремін», - деді Қайназар орта мектебінің мұғалімі Бибісара ОРЫНБАЕВА.
Ұстаздар айтқандай-ақ, тозығы жеткен мектепте білім алу мүмкін емес. Ғимараттың едені шұрқ тесілген. Одан қалды қабырғасы қақырап, сылақтары түсіп жатыр. Мынадай қуықтай сыныптарда сығылысып, 20-ға жуық бала білім алады екен. Мұғалімдер әр тоқсан сайын өз қалталарын ақша шығарып, мектепті әктеп-сырлап жаңартуға тырысады. Бірақ нәтиже жоқ. Қанша жөнделсе де ескінің аты ескі. Ал мұнда оқитын балалар асхана, кітапхана, дене шынықтыру залының тіпті не екенін де білмейді.
Мектепке оқушылардың өздері әзер сыйғандықтан, мұндағы ұстаздар айтуға ауыз бармайтын спорт залды кітапханаға айналдырыпты. Аядай бөлмеде мынадай шашылған кітаптардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Ең сорақысы, оқушылардың білім нәрі бұл жерде енді қалай болса, солай шашылып, шаң басып тозып жатыр.
Ұстаздар екі қолға бір күрек таппай, далада қаламыз деп ұлардай шулағасын, мектепке аудандық білім бөлімінің басшысы жетті. Оның айтуынша, жаңа мектепке сырттан 60 мұғалімнің шақыртылғаны жаңсақ екен.
«Мұғалім жетіспейтін мәселеде қайдан ойлап таптыңыздар, аш қаламыз жұмыссыз қаламыз, 4 баламды қайдан асыраймын деген әңгіме қайдан шығып жатыр біздің ауданда? Бұл мектептегі ұстаздың барлығына екі мектепте жұмыс дайын тұр. 15-нен кейін сіздерді жұмысқа алмай қойса, бүкіл каналды шақырыңыздаршы маған. «Мен бардым, ана директор мені жұмысқа алмай қойды, мен мына мектепте 18 сағат алып едім, мына жерде маған 10 сағат берді» деп айтып келіңіздерші. Міне мен тұрмын сіздердің алдарыңызда», - деді Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы Ләйләш БАКИРОВА.
Білім бөлімінің басшысы, әзірге ескі мектептің жабылмайтынын, әрмен қарай дәріс беретінін тілге тиек етті. Ал, мұнда оқитын оқушы қалмай қалған күннің өзінде, ұстаздар далада қалмайды деп сөз берді. Десе де, Қайназар орта мектебіндегі мұғалімдердің талабы бір. Олар апатты ғимараттың жабылуын, әрі жаңа мектепке барлық ұжыммен көшіп баруды қалап отыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы