Алматы облысында баласының жәрдемақысын ішімдікке жұмсаған әйел аналық құқығынан айырылуы мүмкін

06.12.2017 22:17

Алматы облысында ішімдікке салынған ана мүгедек баласының жәрдемақысын арам суға жұмсаған. Ақша таусылғанда балаларының құжаттарын кепілдікке қойып, дүкендерден қарыз алып арақ ішкен көрінеді. Ал, баласы Николай Классенге шұғыл пластикалық ота жасау қажет. 7 жасар жеткіншектің денесінің 55 пайызын күйік шалған. Енді бүлдіршіннің анасы бала асырау құқығынан айрылуы мүмкін.

2015-ші жылы Николай Классеннің үйінде пеш жарылып, денесінің 55 пайызын күйік шалған. Іле аудандық аурухананың балалар бөлімінде 1 жарым ай емделгеннен кейін, анасы шығарып алыпты. Содан бері ішімдікке салынған Надежда Классен баласын ауруханаға апармаған. Тұрақты мекен-жайы да болмапты. Николайдың мектепте оқитын әпкесі сабаққа келмегесін үйіне іздеп барған мұғәлімдер, жағдайы нашар 7 жасар баланың бар екенін сонда білген. Беймәлім жайтқа кез болған ұстаздар бірден облыстық оқу бөліміне хат жолдапты. 

«Үйлеріне бірнеше рет барғанда мүгедек бала бар екені анықталды. Анасы «балама жәрдемақы алып отырмын, жақында ота жасауға дайындап жатыр», - деген болатын», - деді Алматы облысы Талғар ауданы №38 жалпы білім беретін мектептің директоры Салтанат БЕКБАЕВА.

Надежда Классен қазір Талғар аудандық нарко-диспансерде ішімдіктен емделіп жатыр. Николай мен әпкесін танысына тастап, кезекті арам су ішуге кеткен екен. Содан кейін, мүгедек баланы облыстық ауруханаға облыстық қорғаныс және қамқоршы бөлімінің қызметкерлері алып келген. Қазір жеткіншек толық тексерілуден өтіп жатыр.

«Қазіргі жағдайда баланың жағдайы ауыр емес. Тек кішкене арықтау. Тамаққа тойып ішпеген. Осы жерге түскеніне 2-3 сағат болды. Тұмау ауруы жоқ. Қазіргі кезде жуындырып, шашын қырқып, киіндіріп, тамағын беріп жатқызып қойдық», - деді Алматы облысы Талғар аудандық емханасы ана мен баланы қорғау жөніндегі бөлім басшысының орынбасары  Нұргүл МАТЖАНОВА.

Надежда Классен баласының жәрдемақысын үнемі ішімдікке жұмсап отырыпты. Тіпті, ол ақша біткен кезде Николай мен Валентинаның туу туралы куәліктерін, медициналық кітапшаларын дүкендерге кепілдікке қойып, арақ алған. Облыстық қорғаныс және қамқоршы бөлімінің мамандары Надежда Классенді ата-ана құқығынан айыру үшін құжаттардың жиналып жатқанын айтады.  

«Анасы мына баланың 1-ші топ мүгедектігіне байланысты жәрдемақы алады. Жәрдемақысы 60 мың теңгені құрайды. Біз аталмыш қаражат осы балаға түгелдей жұмсалып жатыр деп айта алмаймыз. Сондықтан бізбен осындай жұмыс жасалып, көмек сұралған болатын», - деді Алматы облысы Талғар аудандық білім бөлімінің бас маманы Анар АБЕУОВА.

Қазір 7 жасар Николай сурет салады, қарапайым балалар секілді ойнайды. Тек қимылдауы қиын болып тұр. Дәрігерлер баланы зерек деп отыр. Николай Классеннің отасына 180 мың доллар қаражат керек екен. «Мұндай қиын отаны Корей елінде жақсы жасайды», - дейді дәрігерлер.

Өмір Әнуарбек, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы