Бесағаш ауылының тұрғындары жылдар бойы ұры-қарылардың құрбаны болып отыр. Жыл басынан бері елді-мекенде 101 тонау фактісі тіркеліпті. Қызығы, бұзақылар қылмыстарын шамамен әрбір он күн сайын қайталап отырған. Жұрт тиісті қауіпсіздік шараларын жасаса да, қарақшылық әркеттер толастамай тұр. Ал облыстық Ішкі істер департаменті бұл жағдайларды ашуға қатысты тиісті жұмыстар жүріп жатқандығын айтады.
Бесағаш ауылы тұрғындарының есік алдын мынадай қабаған иттер күзетеді. Бірақ әбден ісінің маманы болған ұрыларға бұл қолбайлау емес. Ауыл тұрғыны Мадияр Жаңабаевтің үйіне сұғанақ қолдылар екі рет шабуыл жасапты. Ал мына бейнебақылау камерасына қарақшының итке тас лақтырып жатқан сәті түсіп қалған. Отбасының үйде болмағанын пайдаланып, медициналық маска киген бұзақылар үйді тапа-тал түсте тонап кеткен.
«Бізді ұрылар 28 шілде күні тонап кетті және бұл бірінші рет емес. Қайталанып отыр. Менің үйімнен 1 миллион 300 теңге ақша мен бағалы бұйымдарды алып кетті», - деді облыс тұрғыны Мадияр ЖАҢАБАЕВ.
Әккі ұрылар ішке кіру үшін үйдің бірнеше терезесін бұзуға тырысқан. Ақыры ойлары болып, мына терезе арқылы ішке кіріпті.
Бесағашта бұл жалғыз жағдай емес. Жыл басынан бері бір ғана Желтоқсан көшесіндегі 11 үйге ұры түсіп, жұрттың құнды заттарын қолды болған. Тұрғындардың сөзінше, ұрылар пәтер жалдамайтын үйлерге жиі түсетін көрінеді.
«Он күннің арасында болып отырады, он күн өткенннен кейін екінші үй, үшінші үйге сөйтіп он күнде, үш-төрт айдың ішінде талай үйге кіріп шықты. Бірақ бізден ештеңке ұрламады. Түсті, бірақ біз тойдан келген уақытта олар бәрін шашып, қашып шығып кеткен. Шашып-шашып ештеңке ала алмаған», - деді облыс тұрғыны Аманжол БАЙЛАРОВ.
«Ауыл ішінде мұндай жағдай көп. Менің қаруымды ұрлап кетті, басқа үйлерді де тонап кеткенін бір аптадан кейін білдім. Кімнің үйінде адам жоқ, сол үйге түседі. Алдын ала аңдып жүретін болуы керек», - деді облыс тұрғыны Владимир ШАПКИН.
Тұрғындар талай рет оқиға болғаннан кейін учаскелік полиция өкілдерін шақыртқан екен. Олар сараптама жасату үшін саусақ іздерін де алып кеткен. Бірақ тұрғындардың айтуынша, мардымды нәтиже болмай жатқан көрінеді. Десе де облыстық Ішкі істер департаментінің өкілдері жыл басынан бері Бесағашта 101 ұрлық фактісі тіркеліп, оның 31-і ашылғанын айтады.
«Биыл Бесағаш ауылдық округінде 101 мүлік тонау фактісі тіркелді. Оның 31-і анықталды. Сондай-ақ автокөлік ұрлау бойынша тағы 2 жағдай болып, күдіктілер ұсталды. Одан бөлек, жергілікті ірі кәсіпкерге шабуыл жасалған, осы жағдайға байланысты 3 адамнан құралған қылмыстық топ әшкереленді. Олар қазір қамауда», - деді Алматы облысының ІІД ресми өкілі Көбейхан НҰРАХМЕТ.
Бүгінде бұқара үйлерін қараусыз қалдырудан қалған. Халық жымысқы қылмыскерлер енді келесі кімнің үйіне түсер екен деп үрейленеді. Ал оңай жолмен пайда тапқысы келгендердің ұсталу - ұсталмауы әзірге екіталай болып тұр.
Назкен Байтілес, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы