Алматыда Наурыз бен қоныс тойын 170 отбасы қатар тойлады

27.03.2017 15:05

Биыл алғаш рет Алматының екі бірдей алаңында қалалық деңгейде Наурыз мейрамы тойланды. Атлетикалық қалашықта Бауыржан Байбек салтанатты түрде кезекте тұрған отбасылардың бірқатарына өз қолымен жаңа пәтерлердің кілтін табыстады. Әз-Наурыз бен қоныс тойын 170 отбасы қатар тойлады.

Әз-Наурызбен қатар қоныс тойын тойлаған 170 отбасы армандаған қоныстарына қол жеткізді. Қадуан апай балаларының қуанышына ортақтасу үшін шалғайдан келіп, үйдің көрімдігі ретінде сыйлық таңдап жүр.

«Өзім жиырма жыл тостым. Былай алуға ақшамыз болмады. Балаларым кезекке тұрды. Міне, сәтін салды. Қуаныштымын. Қатты қуанып, толқып, жүрегім дірілдеп тұр», - деді пәтер иегері Қадуан ҚҰЛБАЕВА.

Ал, мектеп мұғалімі Мақпал Жәнібекқызы қызымен енді бір бөлмелі пәтерді паналайды. Пәтердің сапасы көңілінен шыққан ұстаздың кезекте тұрғанына екі жылдан аспаған.

«Толқынып тұрмын. Өте қатты қуаныштымын. Ұлыстың ұлы күні, шуақты күні біз пәтерге ие болып жатырмыз. Көп-көп рахметімді айтамын», - деді №154 мектептің мұғалімі  Мақпал МҰСАБЕКОВА.

Қалашықта жалпы саны 14 үй бар және мұнда 2000 жуық отбасы қоныстанады. Әзірге оның тек 170-і үлестірілді. Алғашқы болып пәтер кілтін 1 және 2 топ мүгедектері, жетім балалар, көпбалалы және толық емес отбасылар, соғыс және еңбек ардагерлері, дәрігерлер мен ұстаздар алды. Тохтиевтер отбасы көпбалалылар санатына жатып, пәтерге қол жеткізді.

«Сөз жоқ. Тек қуаныш сезімі кернеп тұр. Елбасына алғыс айтқан дұрыс болар. Қуаныштымын», - деді пәтер иегері  Құдірет ТОХТИЕВ.

«Пәтердің ішін қарап шықтық. Орналасуы өте ыңғайлы екен. Бұл күн біз үшін өте маңызды. Бақыттымыз», - деді пәтер иегері  Әлиянұр ТОХТИЕВА.

«Біздің осы ауданда, қалада тұрып жатқан қарапайым отбасылар, көпбалалы аналар шығып жатыр. Сондықтан біздің еліміз, азаматтарымыз осындай пәтерлі болсын, жұмыс істеп, еңбекпен осындай жетістіктерге жете берсін. Мен мына сізщдермен бірге, біздің қала ұжымы, қуанып жатырмыз», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Болашағы жарқын ауданнан баспаналы болу үшін әлі де мүмкіндік бар. Халықтан egov.kz порталы арқылы құжат қабылдау жалғаспақ. 20 жылға дейін жалға алып кейін жеке мүлкі болып қалатын пәтерлердің шаршы метріне айына 1036 теңгеден 1120 теңгеге дейін төлеп отыру қажет. Қала әкімі ауданның даму қарқынына да тоқталып өтті.

Арнайы әз-Наурызға орайластырып қала әкімі Бауыржан Байбек мына Алтлетикалық қалашықтағы пәтерлердің кілтін табыстағаннан кейін аулаға жан бітіп, алаңқайдағы балалардың күлкісі, ойны және аулада жүрген ата-аналардың көтеріңкі көңіл күйі байқалады.

Әнуарбек Жәлел, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы