Алматыда пандусы жоқ мекемелерге қомақты айыппұл салынды

24.04.2018 02:32

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын табан асты еткен кәсіпкерлерге 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Олар ғимараттарында кембағал жандардың емін-еркін кіріп шығуына мүмкіндік жасамаған. Тіпті, қарапайым пандусты орнатуды да шығын санаған. Мұндай олқылықтарға ашынған мүгедектерден шағым да көбейіп кетіпті. Арбаға таңылғандар, әсіресе, емдеу мекемелеріне бас сұға алмағанына наразы.

Алматыдағы әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаментіне соңғы кездері мүгедектерден түскен шағым көбейген. Олар арнайы пандус пен арбаның жоқтығынан 30-ға тарта ғимаратқа кіре алмай, қиналып жатқанын жеткізіпті. Әсіресе, арбаға таңылғандарға дәріханалар мен емдеу мекемелеріне кіру мұңға айналған. Мұны ескерген мамандар дереу тексерісті бастап кетті. Мәселен, Сәтпаев көшесіндегі бұл дәріхана иесі талайдан бері кембағалдардың құқығын есермей келіпті. Тек бұл әрекеті үшін қомақты айыппұл арқалайтынын естіген соң, кәсіпкер дереу пандус орната бастапты. Алайда, оның өзі талапқа сай болмай шықты.

«Қазір қала бойынша көп нысандарда пандустарды көріп жатамыз, бірақ олардың барлықтары нормативтерге сай келмейді. Мысалы, мына пандусты алсаңыз, мүгедек жандарға ыңғайсыз. Пандустың ені 1-де 20 см болу керек. Тұтқалар болу керек екі шетінен. Мүгедек жандар еш қиындықсыз көтерілуіне және түсуіне», - деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бас маманы Нұрлан ЮЛИМБЕТОВ.

Тексерушілер бас сұққан келесі ғимарат та мүмкіндігі шектеулі жандарға икемделмеген. Тіс емдеу мекемесінің иесі мұнда кембағал жандардың мүлдем келмейтінін айтты. Ал қажеттілік туындаса, мүгедектерге қызметті үйіне барып көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

«Біз мүгедектерге жағдай жасауға қарсы емеспіз. Тек Сәулет басқармасынан мекемемізді кеңейтуге рұқсат алып берсеңіздер. Мына үй ескі, 70-ші жылдары тұрғызылған. Есіктеріміз де тар, мүгедектердің арбасы сыймайды. Ал ғимаратты қайта жасақтау үшін барлығына қомақты ақша жұмсау қажет болады», - деді тіс емханасының қожайыны Гаухар БАЖАНОВА.

Мамандардың сөзінше, Алматыдағы осындай 3 мың нысанның тек  жартысында ғана мүгедектерге жағдай жасалған екен. Ал қалғаны талапқа мүлдем сай емес. Кәсіпкерлер нысандарды арбамен жабдықтау былай тұрсын, қарапайым пандус орнатудың өзін үлкен шығын санайды екен. Бір пандус орнату үшін шамамен 100 мың теңге кетсе, арнайы көтергіші бар лифт орнату 500 мың теңгеге дейін баратын көрінеді.

«Көбісі білмегендігін айтып жатады, стандарттың білмегендігін айтып жатады. Кейбіреуі қаражат жоқ деп түсіндіріп жатады. Көрсетілген кемшіліктерді жою үшін біз ескерту қалдырамыз. Сол ескертудің уақыты көрсетіледі. Сол уақыттың ішінде толығымен жойылмаған жағдайда айыппұл салынады. Айыппұл өндірілмеген жағдайда, біздің департаментпен сотқа беріліп, сот арқылы өндіріс жасаймыз», - деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Руслан ЫСҚАҚОВ.

Өткен жылы қалада шағым бойынша 44 нысан тексеріліп, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын табан асты еткен кәсіпкерлерге 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Ал биылғы жыл басынан бері 16 нысан иесі 300 мың теңгеден астам айыппұл арқалаған. Айта кетсек, мүгедектерге жағдай жасамаған шағын кәсіпкерлік субьектісіне 120, орта бизнес өкілдеріне 200 және ірі кәсіп иелеріне 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл жазылады. Олқылықтың орны белгіленген мерзімде түзелмесе, айыппұл көлемі арта береді.


Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы