|
13.03.2017 | 10:10
7146

Алматыда Фурманов көшесін ұзарту жұмыстары барысында 72 үй сүрілмек

Алматыда Фурманов көшесін ұзарту жұмыстары барысында 72 үй сүрілмек

Биыл Фурманов көшесі эстакадамен теміржол арқылы Жансүгіров көшесіне дейін ұзартылады. Бұл  - сол маңайда мекендейтін тұрғындарға бірқатар қиындықтар туғызып отыр. Сүруге кететін жер учаскелерінің меншік иелері беріліп жатқан өтемақымен келіспей отыр. Ал басқарма мамандары болса, төлемақыны мемлекеттік мүлік туралы заңға сәйкес есептеп, ұсынамыз деп отыр.

Биыл Фурманов көшесі эстакадамен теміржол арқылы Жансүгіров көшесіне дейін ұзартылмақ. Қала орталығы мен солтүстікті жалғайтын қосымша көлік дәлізі кептелісті 20 пайызға сейілтетін көрінеді. Бұл ретте, осы маңдағы 72 жер учаскесі сүрілуі тиіс. Ал, сүру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қазір 26 жер учаскесін сүру бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Оған республикалық бюджеттен 500 млн теңге бөлінген.  

«Біз төлемақыны мемлекеттік мүлік туралы заңға сәйкес есептеп, ұсынып отырмыз, яғни есептеу әдістемесі заңға сәйкес жүргізілді. Одан бөлек, заңда келісу рәсімдері де қарастырылған. Демек, біз белгілі бір соманы ұсындық, енді меншік иелерінен жауап күтеміз. Мүлік иесі бұл төлемақымен келіскен жағдайда, біз келісім-шартқа отырамыз, ал келіспеген жағдайда, өтемақының төлемін сот шешетін болады», - деді Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары  Ардақ САМАМБЕТОВ.

Әйтсе де, сүріліп тастайтын үйлері үшін беріліп жатқан өтемақыға халықтың көңілі толмай отыр. Аман Отаралы 2006 жылы кірпіштен соққан үйі тұрған учаскесін жер басқармасындағылардың дұрыс бағаламай отырғанын жеткізді.

«Әркімге әрқалай ақшаны бөле салған, ешқандай санаспаған, кімнің қалай өмір сүріп жатқандығынан хабары жоқ. Сосын біз де халықпен бірге көрсеттік үйімізді, міне, осындай кірпіштен жасалған жаңа үй», - деді тұрғын Аман ОТАРАЛЫ.

Алматы қалалық жер басқармасы мамандары жұмысты мемлекеттік мүлік туралы заңда көрсетілген өтемақы төлемін есептеу тәртібіне сәйкес жүргізетінін айтады. Әрбір жер учаскесі, оған тағайындалатын өтемақы жеке қарастырылады. Тіпті, сол аймақта отырғызылған ағашқа дейін есепке алынады дейді. Айта кетейік, биыл Алматыда бірден 3 жолайрықтың құрылысы басталмақ. Маңызды магистральдар Емцов-Рысқұлов, Сейфуллин-Жансүгіров көшелерінде, сондай-ақ кептеліс көп орын алатын Құлжа күре жолы мен Рысқұлов даңғылының қиылысына түседі.

Сая Меңдеке, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир