Алматыдағы ескі үйлер сүріледі

24.02.2017 14:49

2020 жылы Алматыда каркас пен қамыстан салынған ескі үйлер түгелдей сүріледі. 3 жылға дейін алып шаһар, құлағалы тұрған баспанадан толық тазартылады. Бұл 2012 жылы басталған ескі үйлерді сүру бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Осы уақытқа дейін 38 үй қиратылған.

Бұл үйдің іргесі осыдан 61 жыл бұрын қаланған. Қамыс үйдің қызмет ету мерзімі шамамен 35 жыл. Тозығы жеткен үй өткен жылдың үшінші жартыжылдығында босатылған. Қазір бұл үйдің тұрғындары жаңа баспанада тұрып жатыр. 

Ескі үйінің орнына жаңа баспаналы болғандардың бірі - Балайым Күпенова. Алатау ауданының тұрғыны қазір осындай су жаңа пәтерде тұрып жатыр. Бақытты отбасы өткен жылы жаңа пәтердің кілтін алған. 

«Газы бәрі болды условиялары. Бірақ, аварийный үй болды. төбелерден тамшы аға бастады. Бәрі шіріп, проводтарының бәрі жанып, сөйте бастады. Ескіргеннен кейін. Көп үйлерден тамшы аға бастады»,- деді Алматы қаласының тұрғыны, Балайым КҮПЕНОВА. 

Балайым апай тұрған үйдің маңында апатты жағдайдағы 8 үй болған. Қазіргі күні оның төртеуі сүріліп, оның орнына екі көпқабатты тұрғын үй бой көтерген. 

«Ол үйлермен Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны айналысып жатыр. Олар сол жердегі ескі үйлерді құлатып, олардың орнына жаңадан екі үй салып жатыр. Біреуі бітіп, сол үйдің сол жердегі ескі үйдің адамдары сол бір үйге көшіп сол жерде тұрып жатыр. Екінші үй бітіп, қазір өткізіп жатыр. Ол үйлер де сол үйдің иелеріне берілетін болады»,- деді Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, Жанат АЙТІЛЕУ. 

Бүгінде Алматыда каркас пен қамыстан салынған ескі үйлер саны 833-ті құрайды. Тозығы жеткен баспана әсіресе Түрксіб ауданында көп шоғырланған. Мұндай үйлер 2020 жылы толығымен сүріледі. Бұл жобаны іске асыруға инвесторлар да атсалысады. 

«Олар қызығушылық танытып жатыр. Қазір сол 7-8 инвестор бар олардың бәрі бұл жерде тек қана қалаға көмектеспейді.  Өздері де пайда табады. Екі қабат үйдің орнына кей жерлерде 9 қабатты үйлер салынады. Бір жерде 12 қабатты үйлер салынады. Содан екі қабатты үйлер ескі тұрындарға берсе, қабаттарын сатып, сол жерден олар өздерінің бюджеттерін толықтырады»,- деді Алматы қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, Жанат АЙТІЛЕУ. 

Сондай-ақ, кірпіштен тұрғызылған ескі үйлер де қиратылады. Алып шаһарда мұндай баспана саны 1000-нан асады.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы